2017 жылы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Бұл заң бойынша көп мемлекеттік құжатқа, соның ішінде «Халықтың көші-қоны туралы» заңға да түзетулер енді. Құжат бойынша Қазақстан азаматы ел аумағында көшіп-қонған сайын тұрғылықты мекенжайға тіркелуі қажет, яғни сізде тұрақты тіркеумен қоса уақытша тіркеу де болуға тиіс. Ал тұрақты тіркеуден шығарылған жағдайда не болады?
Тіркеусіз жүрген азаматқа қандай сомада айыппұл салынады?
Үй иесі сізге тұрақты тіркеуден шығарғанын хабарлауы керек. Ал хабарламаған жағдайда ол туралы халыққа қызмет көрсету орталығынан мекенжай анықтамасын аларда білесіз. Содан кейін орталықтағы көші-қон полициясы инспекторлары отыратын құжаттандыру бөліміне барып, қайта тіркелу қажет. Ұзақ уақыт тұрақты тіркеусіз жүрген болсаңыз, соңғы рет тіркеуден қашан шыққаныңыз базадан көрініп тұратындықтан сізге ескерту жасалады немесе айыппұл көлемі белгіленеді.
10 күннен 1 айға дейін тіркеусіз жүрсеңіз, жай ғана ескерту аласыз. Бір айдан асса, 7 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады, 2019 жылғы мөлшермен айтқанда тіркеусіз жүргеніңіз үшін 17 675 теңге төлейсіз. Бірнеше айдан 1 жылға дейін тіркеусіз жүрсеңіз де осы көлемдегі айыппұлды төлейсіз. Содан кейін ғана қайта тіркелуге болады.
Жатақхананың тіркеуінен шығарылған студент не істеуі керек?
Әуелі жатақханаға студентті уақытша тіркеді ме, әлде тұрақты тіркеді ме, соны анықтау қажет. Бір айдан бір жылға дейін уақытша тіркелуге болады. Мерзімі біткенде бірден тіркеуден шығарады. Ал тұрақты тіркелген болса, жатақханадан шығарылғаннан кейін қайтадан тіркелуге тура келеді. Бір азаматта бір тұрақты, бір уақытша тіркеу болады. Біріншінің мерзімі бітпей жатып, басқа жаққа уақытша тіркелсеңіз, алғашқысынан әп-сәтте шығарыласыз. Тұрақты тіркеуіңіз болмаса, еш жерге уақытшаға тіркеле алмайсыз.
Пәтерді жалға беруші клиентін уақытша тіркеуге алуға міндетті ме?
Өзінің жеке баспанасы жоқ, пәтер жалдап тұратын адамды сол пәтердің иесі уақытша тіркеуге алуы қажет. 10 күннен 1 айға дейінгі мерзімде уақытша тіркемесе, пәтер иесіне 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуге тура келеді. Оның үстіне, тұрғынның пәтерден қандай да бір үлесі болмайды. Әрі пәтер иесі тұрғынды кез келген уақытта тіркеуден шығара алады.