Пәтер, көлік, асыл тас. Жалпыға бірдей декларациялау ненің есебін талап етеді?

Үйлену той, шығын
Иллюстрация © Бекзат Исамбергенов

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 13 миллион қазақстандық жеке табыс салығы мен мүлік туралы декларация тапсырады. Қазіргі уақытта оны тек депутаттар, мемлекеттік қызметкерлер, судьялар тапсырып жүр.

Соңғы кездері халық арасында жалпыға бірдей декларациялау шарасында көрсетілуі тиіс мүлік, құндылық пен меншікке байланысты түсініспеушіліктер туындап жатыр. Осыған қатысты заңгер, қаржы саласының маманы Данияр Советұлынан табыс пен мүлікті жария ету науқаны туралы егей-тегжейлі сұрап білдік.

1. Декларацияны кім және қашан тапсырады?

  • Кәмелетке толған азамат;
  • Тіркелген мүлкі немесе 1882 AEK-тен жоғары табысы бар кәмелетке толмаған азамат;
  • Оралман;
  • ҚР аумағында тұруға ықтиярхаты бар азамат;
  • ҚР аумағында тіркелген мүлкі немесе үлесі және тұрғын үй құрылысына үлесі бар шетел азаматы жалпыхалықтық декларациялауға қатысады.

Декларацияның жазбаша нұсқасын 2020 жылы 15 маусымға дейін департаменттерге, мемлекеттік кіріс бөлімдеріне немесе 15 қыркүйекке дейін электрон нұсқасын Egov.kz порталына өткізу керек.

2021 жылы тек зейнетақы, стипендия, жалақы алған және мүлік сатпаған, сатып алмаған азаматтар қосымшасыз декларацияны тапсырады (#260 нысан). Қалған азаматтың барлығы бір жылғы есебін кеңейтілген нысанда (#270) көрсетеді.

Жыл сайын осы есеп қайталанып отырады.

2. Декларацияда нені көрсету міндетті?

  • Жылжымайтын мүлік: пәтер, үй, жер үлесі, ғимарат, тұрғын үй құрылысына үлес;
  • Жылжымалы мүлік: көлік, мотоцикл, яхта, тікұшақ, ұшақ және көліктің тағы басқа түрі;
  • Депозиттегі, банк есепшотындағы, картадағы қаражат және қолма-қол ақша. Үйде 5880 АЕК-тен артық (2019 жылы 14,8 миллион теңге) ақша ұстауға болмайды. Одан жоғары соманы депозитке салып, декларациялау қажет;
  • Акция;
  • Біреуге берген немесе біреуден алған қарыз. Салық кодексінің 631-бабының 1-тармағының 5-тармақшасына сәйкес Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияда берешек ең төмен жалақының 500 еселенген мөлшеріне тең сомадан асқан жағдайда көрсетіледі (2019 жылы ең төмен жалақы - 42 500 теңге). Растау құжаты ретінде қолхат, шарт болуы қажет.

3. Декларацияда нені өз қалауыңмен көрсетуге болады?

  • Биологиялық актив. Оған экзотикалық жануарларды, кейбір тұқымы бағалы мысық, ит және тағы басқа сатуға болатын жануарларды көрсетуге болады. Ол үшін міндетті түрде ветеринарлық паспорт болуы қажет.
  • Бағалы тас, металл, зергерлік бұйым, өнер туындысы, антиквариат. Олардың қатарына картиналар, отбасылық реликвия, бағалы аң терілері де кіруі мүмкін.  Әрқайсының құны 5880 АЕК-тен жоғары болуы тиіс.
  • Мәдени құндылық. Мұндай мүлік мәдениет саласындағы уәкілетті органның тиісті қорытындысы болған кезде ғана есепке алынады.
  • Барлық бағалы сыйлықты, соның ішінде ақшаны декларациялауға болады.

4. Бағалаушының көмегіне қандай кезде жүгіну қажет?

Егер кей заттың құнына байланысты күмән туса, оны растайтын құжат болмаса, бағалаушының қызметіне жүгіну керек. Өйткені декларациядағы "Тағы басқалар" бөлімінде заттың нарықтағы нақты құнын көрсету қажет болады.

5. Табыс пен мүлік декларациясының қандай пайдасы бар?

Қазіргі уақытта табысы мен мүлкі туралы декларацияны мемлекеттік қызметкерлер, депутаттар, судьялар ғана ұсынады. Табыс пен мүлікті жария ету шарасының жалпыға бірдей болмауы кірістер мен мүліктердің шығу көздеріне талдау жасау мүмкіндігін шектейді. Заңсыз алынған кірістер мен мүлік декларация тапсыруға міндетті емес басқа тұлғалардың атына жазылуы мүмкін. Сол себепті жалпыға бірдей декларациялау заңсыз жолмен (мәселен, пара түрінде) алынған табысты немесе салықтан жалтаруды анықтауға толық жол ашады.

6. Қосымша салық шегерісі деген не? Ол кімдерге қандай жағдайда қатысты? 

Қосымша салық шегерісі - салық салынатын табысты айқындау кезiнде шегерiмге жататын сома. Бұл - тапқан табысыңыздан төленуі тиіс салық сомасын азайту жолы.

Мысалы, кітаптарды түптеу қызметі бойынша 40 000 теңге пайда таптыңыз, оның 10 пайызын мемлекетке - 4000 теңгені төлеуге міндеттісіз. Декларацияда қызмет көрсетудегі шығындарыңызды анықтау арқылы салық шегерісін жасауға мүмкіндігіңіз бар.

Жеке тұлғалардың жалпыға бірдей декларациялау шеңберінде төмендегідей қосымша салық  шегерістері көзделген:

  • көпбалалы отбасылар үшін ата-ананың бірінің күнтізбелік жыл ішіндегі ең төмен еңбекақысының 24 еселенген мөлшерінен артық емес көлемінде;
  • оқу ақысын төлеуге күнтізбелік жыл ішіндегі ең төмен еңбекақының 10 еселенген мөлшерінен артық емес шамада;
  • банк қарыздары бойынша сыйақыны төлеуге ең төмен еңбекақының 10 еселенген мөлшерінен артық емес шамада;
  • медициналық қызметтерге күнтізбелік жыл ішінде белгіленген ең төмен еңбекақының 10 еселенген мөлшерінен артық емес шамада.

7. Табыс пен мүлікке қатысты мәлімет қалай тексеріледі?

Тексеру камерамен бақылау түрінде жүргізіледі. Егер ақпарат қате немесе жалған көрсетілсе, мүлік иесіне заңбұзушылық туралы хабарлама келеді.

Бақылау сіздің және өзге адамдардың тапсырған декларациясын талдау негізінде жүргізіледі. Мысалы, Сізге берген ақшаны басқа бір адам өз есебінде көрсетсе, табысыңызды жасырған болып есептелесіз немесе жаңа мүлік алсаңыз, оның кіріс көзін көрсетуге тура келеді.

Табыс пен шығыс туралы мәлімет Қазақстан бойынша ғана тексерілмейді. Осы уақытқа дейін әлемнің жүздеген елімен қазақстандықтардың шетелде мүлік иеленуіне байланысты ақпарат беру туралы келісім жасалған.

8. Табыс декларациясынан жалтарғандарға қандай жаза қолданылады?

Алдымен салық органдары жылжымайтын мүлік иесіне ескерту хабарламасын жібереді. Мүлік иесі хабарламаны алған күннен кейін 30 жұмыс күні ішінде заңсыздықты жоюы қажет. Олай болмаған жағдайда Салық кодексінің 587-бабына сәйкес бес күннен кейін салық органдары мүлік иесінің банк шотындағы шығыс мәмілелерін тоқтата алады.

Егер адамның бір жылдағы табысы 3 миллион теңге болса және ол 4 миллион теңгеге (несиемен емес) мүлік сатып алса, салық органына 1  миллион теңгені қайдан алғанын түсіндіріп, есеп беруі керек. Декларацияда беймәлім сома шықса, онда салық төлеушіге жасырын ақшаның 10%-ына тең сомаға айыппұл салынады.

Декларацияны тапсырмаған немесе қате тапсырған кез келген адамға 2020 жылы ескерту ғана жасалады. Егер келесі маусымда қайталанса, айыппұл төлетеді. Соңғы деректерге қарағанда айыппұл мөлшері 15 АЕК болуы мүмкін. Декларациялауға талап қою мерзімі - бес жыл. Мысалы, 2025 жылы 2021 немесе 2024 жылға арналған декларацияларды тапсырмаған азаматқа айыппұл салынуы мүмкін.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!