Қазақстанда әкімшілік айыппұл мөлшерін азайту көзделіп отыр

«ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы аясында айыппұл мөлшерін азайту қарастырылып отыр. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев мәлім етті.

Әділет министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, құқық қолдану тәжірибесі негізінде әкімшілік құқықбұзушылық туралы заңнаманы одан әрі жетілдіру, соның ішінде оны ізгілендіру және әсіре қатаңдығын төмендету бойынша мәселелерді пысықтады, — деді Марат Бекетаев.

Соған байланысты әкімшілік құқықбұзушылықтардың кейбір құрамын алып тастау көзделіп отыр.

Реттеуші органдардың ұстанымына сәйкес әкiмшiлiк құқықбұзушылықтардың кейбір құрамын азаматтық немесе тәртiптiк iс жүргiзу арқылы қарауға болады. Сонымен бірге қазіргі уақытта мемлекеттiк органдардың бақылау-қадағалау функцияларын оңтайландыру және оларды автоматтандыру сияқты іс-шаралар орындалады. Бұл ретте заң жобасымен әкiмшiлiк құқықбұзушылықтардың 32 құрамын алып тастау ұсынылады, — деді министр.

Бұған қоса, әкімшілік құқықбұзушылықтардың жекелеген санкцияларын жеңілдету және төмендету қарастырылып отыр.

Әкімшілік құқықбұзушылық санкцияларына жүргізген талдау оларды әкімшілік жауапкершілікті одан әрі ізгілендіру аясында жеңілдетуге және төмендетуге мүмкіндік бар екенін көрсетті. Мемлекеттік органдардың және үкіметтік емес ұйымдардың ұсыныстары негізінде және талдау мен статистикалық деректерді ескере отырып, заң жобасымен 44 құрам бойынша айыппұл мөлшерін азайту, 10 құрам бойынша әсіреқатаңдықты төмендету, 6 құрам бойынша ескерту енгізу ұсынылады, — деді Марат Бекетаев.

ДереккөзInform.kz