ҚР Президентінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу барысында Мемлекет басшысы Қазақстан мен Франция арасында екіжақты сенімді ынтымақтастық орнағанын, әсіресе, сауда-экономика және саясат салаларында зор мүмкіндік барын айтты.
Біз Францияны Еуропа Одағы шеңберіндегі негізгі серіктес ретінде қарастырамыз. ЕО — Қазақстанның басты сауда серіктесі. Екіжақты сауда көлемі 4,5 миллиард долларға жетті. Ал Франциядан ел экономикасына тартылған тікелей инвестиция көлемі 15 миллиард доллардан асты, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстанда француз компаниялары табысты қызмет етіп жатыр, мемлекет шетел компанияларының тиімді жұмыс істеуі үшін бар жағдайды жасап отыр.
Бруно Ле Мэр өзін жылы қарсы алған Қазақстан Президентіне алғыс білдіріп, Франция мен Қазақстан арасында көпжылдық өзара тиімді стратегиялық әріптестік орнағанын атап өтті. Ол екі ел арасындағы өзара жемісті іс-қимылдарды барынша арттыруға ұмтылатынын айтты.
Қазақстан Президенті Франция көшбасшысы Эмманюэль Макронға сәлем жолдап, ізгі тілегін білдірді.