Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Павлодарда 3 жасар қызын азаптап өлтірген әке өмір бойына сотталды

Фото: Depositphotos.com
Павлодар облысында үш жасар қыздың өліміне қатысты резонансты іс бойынша сот үкімі шықты. Сот баланы ұзақ уақыт азаптап, өліміне себепкер болды деп танылған әкені өмір бойына бас бостандығынан айырды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты үш жасар қыздың қазасына қатысты іс бойынша үкім шығарды. Сот 26 жастағы ер адамды кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Тергеу материалдары бойынша, сотталушы жұбайымен бірге үш жасар қыз бен нәресте ұл тәрбиелеген. Кейін ер адамның қыздың өзінен туғанына күмәндана бастағаны анықталған.

Айыптау нұсқасы бойынша, осыдан кейін ол балаға жүйелі түрде қатыгездік көрсетіп, ұрып-соққан. Сонымен қатар қыздың мойнына шарф байлап, төсекке таңып қойған. Тергеу дерегінше, мұндай азаптау бірнеше ай бойы жалғасқан. Қайғылы оқиға өткен жылдың қыркүйегінде болған. Тергеу мәліметі бойынша, алкоголь ішкен ер адам кешкі уақытта қызын алып келу үшін үйіне барған. Сол жерде баланы бірнеше рет ұрып, кейін көршісінің үйіне оралғанда қызды бетон еденге лақтырып жіберген. Ауыр жарақат алған бүлдіршін ауруханада қаза болды, — делінген хабарламада.

Сотталушы сот барысында кінәсін толық мойындамаған.

Мен қасақана адам өлтірген жоқпын. Осындай жағдай болғаны үшін жұбайымнан кешірім сұраймын, – деді ол соңғы сөзінде.

Қорғау тарапы айыпты қасақана кісі өлтіруден абайсызда адам өліміне әкеп соқтыру бабына ауыстыруды сұраған. Алайда мемлекеттік айыптаушы сараптама қорытындылары, куәгерлердің жауаптары және өзге де дәлелдер сотталушының кінәсін толық дәлелдейтінін мәлімдеді.

Сот айыптау тарапының ұстанымымен келісіп, қылмыстық кодекстің талаптарына сәйкес түпкілікті жаза ретінде өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды. Жаза төтенше қауіпсіздік мекемесінде өтеледі. Сонымен қатар сот сотталушыны қаза болған қыздың анасына моральдық шығын ретінде 5 миллион теңге төлеуге міндеттеді.

Үкім жарияланғаннан кейін сотталушының жағдайы нашарлап, ол есінен танып қалған. Оны сот залынан конвой қызметкерлері алып шыққан.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Мақалаға реакция