Алматы облысының Боралдай кенті аумағындағы «Алатау» базарында орналасқан Sushi Time тамақтану орны жаппай улану дерегінен кейін уақытша жабылды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Алдын ала мәлімет бойынша, дәмханадан тамақтанған 19 адам ауруханаға түскен.
Іле аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мәліметінше, тағамнан улану белгілерімен 19 адам медициналық мекемелерге жеткізілген. Алдын ала деректер бойынша олардың барлығы аталған дәмханадан тамақтанған.
Мамандар алғашқы шағымдар түскеннен кейін оқиғаға денсаулық сақтау органдары мен жергілікті атқарушы билік өкілдері жұмылдырылғанын хабарлады. Қазір Іле аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Зертханалық сараптама жасау үшін тағам өнімдерінен сынамалар алынып, қажет материалдар уәкілетті органдарға жолданған, — делінген хабарламада.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, уланудың нақты себебі тек тексеру толық аяқталып, зертханалық зерттеулердің қорытындысы шыққаннан кейін белгілі болады.
Сонымен қатар санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі азаматтарды тағамнан улану белгілері байқалған жағдайда дереу дәрігер көмегіне жүгінуге шақырды.
Мамандар құсу, іш өту, дене қызуының көтерілуі сияқты белгілер пайда болған кезде өздігінен ем қабылдамауға кеңес береді. Оқиғаның мән-жайы мен уланудың нақты себептері анықталып жатыр.
