Қазақстан мен Франция білім беру саласында ынтымақтастықты нығайтады

Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Францияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Филипп Мартинэмен кездесті.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстан мен Франция 26 жыл ішінде дипломатиялық қарым-қатынастарды дамытып, ынтымақтастықтың берік архитектурасын қалыптастырды. Биыл екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікке 10 жыл толды.

Гүлшара Әбдіқалықова білім саласында мемлекеттеріміздің өзара ықпалдастығы кеңейіп келе жатқанын, Мемлекет басшысының бастамасымен 2014 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жанынан Сорбонна-Қазақстан институты ашылғанын айтты. Биылғы оқу жылында Францияның Қазақстандағы елшілігі Қазақстанның Білім және ғылым министрлігі мен Францияның Еуропа және сыртқы істер министрлігі арасындағы келісім аясында Францияның жоғары оқу орындарында білім алуға үміткерлерді іріктеу жүргізілді. Қазіргі уақытта «Абай-Верн» бағдарламасы бойынша білім алып жатқан 66 азаматымызға (57 магистрант және 9 докторант) Қазақстан тарапынан стипендия бөлу қарастырылған.

Әңгімелесу барысында білім беру саласында басталған бастамаларды жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан-Франция ынтымақтастығын одан әрі нығайту ісінде Францияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Филипп Мартинэге мол табыс тіледі.