Нарыққа шолу жасаған Finprom.kz аналитиктерінің мәліметінше, бұл саладағы табыстың 58,6%-і Алматыға тиесілі, сома — 224,5 миллиард теңге. Бұдан кейінгі орындарда Нұр-Сұлтан (74,9 миллиард теңге) мен Қарағанды облысы (10,1 миллиард теңге) тұр.

Телекоммуникация нарығының негізгі драйвері — интернет қызметі. Биыл мұндай қызмет түрі нарықтың 35,8%-ін қамтып отыр. Былтыр салада интернет сервистерінің үлесі 33,4% болған. 2019 жылдың 6 айында интернет қызметінен түскен табыс 136,9 миллиард теңгеге жетті, бұл былтырғы бірінші жартыжылдыққа қарағанда 14,4% көп. Былтыр интернет қызметінен 119,7 миллиард теңге табыс түскен.

2019 жылдың алғашқы 6 айында телекоммуникация нарығында деректерді жіберу қызметінің табысы 23,1 миллиард теңге, жергілікті телефон байланысы қызметінің табысы 18,6 миллиард теңге болды.

Есесіне биыл ұялы байланыс қызметтерінің табысы 3,5% азайып отыр. Былтырғы 6 айда ұялы байланыс операторларының қызметінен 105,2 миллиард теңге табыс түссе, биылғы сома — 105,2 миллиард теңге. Ұялы байланыс сервистерінің нарықтағы үлесі 30,4%-тен 27,5%-ке азайған.

Finprom.kz мәліметінше, бұл нарықтағы бәсекелестік үлесі мынадай: «Қазақтелеком» қызмет көрсетудің 30%-ін, «Кселл» өнімдері 21%-ін, Tele2/Altel брендтері 15%-ін, Beeline бренді 12%-ін қамтып отыр. «Транстелекомға» нарықтың 6%-і тиесілі.

Қазіргі уақытта «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының бақылауына Қазақстандағы 4 ұялы байланыс операторының үшеуі өтіп отыр. «Қазақтелекомның» жалғыз бәсекелесі әзірше — «Кар-Тел» ЖШС (Beeline).