Robo Wunderkind стартабын қолға алуға не түрткі болды?

— 2013 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің механика-математика факультетінен Вена техника университетіне ауыстым. Кішкентай кезімнен гаджет пен робот құрастыруды армандап, осы салаға қызықтым. Оған қоса, электроникамен, микроконтролермен, сенсормен жұмыс істеуді үйреніп жүрдім. Оқу жүйесінде әдетте робот техникасы теория ретінде түсіндіріледі де, бала робот жасауға онша қызыға бермейді. Осы мәселені ескеріп, кез келген жастағы балаға бағдарламалауды үйрететін, сонымен қатар робот құрастыратын стартапты қолға алдым. Бұл ұсынысымды достарым да қолдап, маған серіктес болды.

Мен қазір робот техникасына қатысты қалыптасқан көзқарасты өзгерткім келеді. Себебі оны тек қаладағы емес, ауылдағы мектеп оқушылары да меңгере алады. Тіпті, мектепке дейінгі даярлық класы мен балабақшаның естиярлар тобындағы баланың да роботты сатып алып, арнайы нұсқаулық бойынша программалап, идеясын іске асыруға мүмкіндігі бар. Негізі бағдарламалау мен робот техникасы — өте қызық сала. Кішкентай бала түгілі, өзімді қызықтырып жүрген нәрсе көп. Жаңа инновация мен технологиялар заманында бұл саланы мектеп жасынан қызығып меңгерсе, кейін үлкен жобаларды жүзеге асырып, еліміздің атын шығаратын жастардың қатары көбейеді.

Роботты қалай құрастырдыңыз? Жобаны іске асыруға қажет қаржыны қайдан алдыңыз?

— Бастапқы кезде роботты Arduino платформасында құрастырып жүрдім. Кейін стартап жұмысы алға жылжуы үшін инвестиция қажет болды. 2013 жылы Юрий Левин мен Анна Яроцкая сияқты мамандармен серіктес болып, кәсіпкер Кеңес Рақышевтың «Өз бизнесіңді құрастыр» конкурсында жеңімпаз атандық.

Егер пайдалы дүниені іске асырғың келсе, ешқандай қиындық жоқ екен. Мен соны түсіндім. 2014 жылы Американың SОSVentures қоры стартапқа инвестор болуға ұсыныс жасап, біз командамызбен Қытайға көштік. Жарты жылдай Қытайда тұрып, өнімімізді балаларға қызық етіп жаңартып құрастырдық. Кейін Венаға көшіп, бір жылдан соң Австриядағы «Жыл стартабы» жүлдесін иелендік. Қазіргі таңда Arkley VC жобасын инвестициялаумен айналысып жатырмын.

Рүстем Ақышбеков
Рүстем Ақышбеков. Фото жеке архивінен

Бала бұл роботпен қалай жұмыс істейді?

— Robo Wunderkind — бұл программалау арқылы жұмыс істейтін робот. Әуелі модульдерді жинап, роботты смартфон немесе планшеттегі арнайы қосымша арқылы басқаруға болады. Бізде 9, 15 және 25 деңгейлі модуль бар. Осылайша программалау мен робот техникасын біріктіріп, жобаны баланың ойыншығы ретінде іске асырдық.

Роботтың үш жинақ түрі бар: Robo Wunderkind Starter Kit,​ Robo Wunderkind Advanced Kit және Robo Wunderkind Professional Kit. Әр пластик блокта сенсор, мотор, зарядтағыш және қашықтықтан басқаратын бөлшектер бар. Роботтың компоненттерін сыммен байланыстырып әуре болмайсыз. Құрастырған ойыншық роботты Android немесе iOS платформасындағы RoboPlayApp және Robo Programming App мобайл қосымшамен программалайды. Бірінші мобайл қосымшаның функциясында тек роботпен ойнау мүмкіндігі бар. Ал екінші мобайл қосымша балаға программалау тілін үйретеді. Осы мобайл қосымшалар арқылы роботты өзіңіз қалаған күйде программалауға болады. Роботтың жинағында қозғалыс, температура блоктары, камера және микрофон бар.

Роботыңызды сатып алған ата-аналардың пікірі қандай?

— Бұл робот ата-ана мен баланың қарым-қатынасын нығайтады. Себебі қазір балалардың қолынан түрлі гаджет түспейді. Олардың не көріп, қандай ойын ойнап отырғанынан ата-аналардың басым бөлігі бейхабар болады. Бәрі өзгеріп жатыр. Қазір баланың гаджеттен басқа қарапайым нәрсемен ойнап отырғанын көру — өте сирек көрініс. Олар, керісінше, жаңа технологияға қызығады. Осы мәселені ескергендіктен баланы электроника мен компьютер тіліне үйрететін роботты құрастырдық.

Ал роботты сатып алған ата-аналардың пікірі өте жақсы. Үлкен адамдар да бала болды. Іштей бала кезіндегі ойын іске асырғысы келеді. Роботты ата-ана баласымен бірге программалап, құрастыруына болады. Біздің роботтың базасында видеобақылау жүйесін іске қосып, «ақылды үй» ғылыми жобасын іске асыру мүмкіндігі қарастырылған.

Robo Wunderkind
Robo Wunderkind. Фото Рүстем Ақышбековтің жеке архивінен

Сонда ата-ана баласын робот техникасы мен программалауға қалай қызықтыра алады?

— Өз тәжірибем бойынша айтсам, 5 жасымда менде интернеті бар компьютер болды. Техникаға қызығып, газет-журналдағы ғылыми мақалаларды оқыдым. Меніңше, бала вундеркинд болып тумайды. Егер ата-ана баланың қызығатын дүниесіне қарай жағдай жасаса, ол өз арманын іске асыра алады. Мысалы, Моцарт, Бетховен мен Бах талантты болып туды деп ойламаймын. Оларды ата-анасы 4-5 жасынан бастап музыкаға беріп, қолдау көрсетті. Мұндай мысалдар спорт, өнер мен робот техникасы тарихында өте көп. Сондықтан ата-ана баласының ерекше қызығатын саласына мән беріп, оны соған қарай бейімдеуі қажет. Қазір робот техникасы мен программалауды үйрететін үйірмелер бар. Бейімі болса, баланы солардың біріне беріп, оның арманын бірге іске асыру керек.

Кішкентай баланың зейіні өте зерек. Ол кез келген ақпаратты тез қабылдайды. Сондықтан баланы компьютер ғылымдары мен робот техникасына қызықтырсақ, кейін олар бұл саланың маңызын түсінеді. Болашақта міндетті түрде ІТ-маман болу міндет емес. Меніңше, бұл саланы кез келген адам білуі қажет және келешекте мамандығының қандай болғанына қарамастан бәрі бағдарламалау мен робот техникасын еркін меңгереді. Мен соған сенемін.

Әңгімеңізге көп рақмет!

Рүстем Ақышбековтің Robo Wunderkind роботын Robowunderkind.com сайтынан тапсырыс беріп, сатып алуға болады.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!