Қасым-Жомарт Тоқаев «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басшысын қабылдады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Айдар Әріпхановты қабылдады.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Айдар Әріпханов Мемлекет басшысына холдингтің биылғы бірінші жартыжылдықтағы қызметі мен одан әрі даму жоспары туралы мәлімет берді. Атап айтқанда, «Бәйтерек» холдингінің «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларын қаржыландыруға қатысуы туралы баяндады.

Кездесуде әлеуметтік жағдайы төмен топтағы азаматтарға арналған қолжетімді тұрғын үй құрылысы, шағын және орта бизнесті қолдау, елдің экспорт әлеуетін және «қарапайым заттар» экономикасын дамыту, Қазақстанның Даму банкі желісі бойынша ірі жобаларды жүзеге асыру жөніндегі холдингтің атқарған жұмысы туралы сөз болды.

Мемлекет басшысы холдингтің негізгі басымдықтарының бірі болуға тиіс «Бақытты отбасы» тұрғын үй бағдарламасын сапалы іске асырудың маңызына назар аударды. Сонымен қатар ол шағын және орта бизнесті дамыту бойынша холдингтің қызметін жандандыруды тапсырды.