Ержан Максим Junior Eurovision ән байқауына қатысады

Ержан Максим Junior Eurovision-2019 халықаралық ән байқауына қатысады. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Facebook-парақшасында хабарлады.

Қымбатты достар! Қазақ баласы Junior Eurovision-2019 халықаралық ән байқауына қатысатын болды. Дүниежүзі назар аударатын ән додасы 2019 жылдың 24 қарашасында Польшаның Гливице қаласында өтеді. «Хабар» агенттігінің Еуропа хабар тарату одағындағы мүшелігінің нәтижесінде Қазақстан өкілінің осы байқауға қатысу туралы өтініші қабылданғанын айта кету керек, — деп жазды министр.

Қазақстан Junior Eurovision байқауына екінші рет қатысқалы отыр. Былтыр Минскіде өткен байқауда жерлесіміз Данэлия Төлешова өнер көрсетіп, 6-орынды иеленген еді.

Еске салайық, «Первый канал» телеарнасындағы «Голос. Дети» жобасының 6-маусымының қорытындысы үлкен жанжалға айналған еді. Тележобаның финалында әнші Алсудың қызы Микелла Абрамованың жеңіске жетуі көпшіліктің наразылығын туғызды.

Кейін «Первый канал» телеарнасы «Голос. Дети» жобасының 6-маусымы финалының нәтижесін жойды. Тексерудің аралық нәтижесінде дауыс беру кезінде сыртқы әсердің болғаны расталды.

24 маусымда «Голос. Дети» шоуының арнайы шығарылымы болды. «Первый канал» телеарнасының бас директоры Константин Эрнст 6-маусымның барлық финалисін  шоудың жеңімпазы деп атады.