Аяқ киім күтімінде нені ескеру керек?

Аяқ киімді құрғату

Дымқыл аяқ киімді ыстық пешке жақын жерде құрғату жылдам кептірудің бірден бір жолы саналғанымен, бұл аяқ киімнің терісіне өте зиян. Үй жағдайында былғары аяқ киімді газет немесе қарапайым ас содасының көмегімен құрғатуға болады. Умаждалған газетті аяқ киімнің ішіне нығыздап салып, сыртын да газетпен орап қойса, аяқ киім жылдам құрғайды.

Аяқ киім құрғату
©domotmoem.ru

Ескерте кететін жағдай — аяқ киімді құрғату үшін суреті мен жазуы аз газет парақтарын таңдап алыңыз. Аяқ киіміңіз қатты дымқыл болса, газетті бірнеше сағат сайын ауыстырып отыруды ұмытпаңыз.

Спорттық аяқ киім құрғақ болсын десеңіз, балауыз шамның көмегіне сүйеніңіз. Балауыз шамды аяқ киімнің барлық жеріне жағып, шаш кептіргіш құралмен кептіріп алыңыз. Сонда оның түсі де бастапқы қалпына келіп, жауынды күні де су өткізбейтін болады.

Аяқ киімді тазалау

Аяқ киімді тазалау
©novate.ru
  • Аяқ киіміңіз жылтыр болсын десеңіз, оған май жағудың қажеті жоқ. Ол көзге өрескел көрінеді. Жалтыратқыңыз келсе, жай ғана лимонмен сүртіңіз.
  • Аяқ киімде жуып кетіруге келмейтін ақ дақ пайда болса, оны тіс жуатын пастаның көмегімен щеткалап кетіруге болады.
  • Жасыл шөптен пайда болған дақтарды ақ өшіргішпен кетіруге болады. Ал басқа дақтарды сүтке салынған шүберекпен сүртіп, одан соң түссіз крем жағу арқылы тазартыңыз.
  • Ақ аяқ киімдегі дақтарды керосин немесе бензинмен кетіруге болады.

Аяқ киімдегі жағымсыз иісті кетіру

  • Көбінесе жағымсыз иіс спорттық аяқ киімдерде болады. Ал балаларға арналған сеппе ұнтақ жағымсыз иіспен күресетін бірден бір құрал. Ұнтақты түнде сеуіп қойып, жаттығуға барарда қағып тастауға болады.
  • Қарапайым қалташадағы шәйдың да жағымсыз иісті өзіне сіңіріп алатын ерекше қасиеті бар. Аяқ киімнің ішіне шай қалташасының бір данасын салып қойсаңыз, оны құрғақ және иіссіз етуге көмектеседі.
  • Аяқ киімдегі жағымсыз иісті кетіру үшін сірке суын пайдаланыңыз. Ол үшін мақтаны 6% не 9%-дық сірке суымен дымқылдап, аяқ киіміңіздің ішін сүрту керек. Артынша далаға шығарып, біраз уақыт таза ауада ұстаған абзал.

Қыста және көктемде аяқ киімді қалай күту керек?

  • Сәнді болса да, қыста лакталған аяқ киімнен аулақ болыңыз. Ол суықтан шытынап, майда торлар пайда болады. Егер лакталған туфли мұндай жағдайға тап болса, сүтке батырылған мақтамен, артынша пиязбен сүртіңіз. Сондай-ақ, вазелинмен майлап, жұмыртқа ағымен жалтырағанша тазалауға болады.
  • Қыс пен көктемде лай-батпаққа ең ыңғайлысы — резіңке етік. Резіңке етік пен бәтіңкеге міндетті түрде ұлтарақ салу керек екенін ұмытпаңыз. Ұлтарақтың былғарыдан немесе қалың матадан жасалғаны абзал. Резіңке етік оттан шытынап кетуі мүмкін, сондықтан жақын қоймаңыз.
Резіңке етік
©Kh-News.net
  • Ал аяздан сақтайтын ең ыңғайлы аяқ киім — пима. Пимадағы қарды сырттан келген соң бірден тазарту керек. Пима мен басқа да киізден жасалған аяқ киімдерді қатты щеткамен тазалаған дұрыс.
  • Аяқ киіміңіз су өткізбес үшін оның тігісін бірнеше рет майлап қоюға болады.
  • Аяқ киімнің табаны тайғанамау үшін табанына медициналық жабыстырғыш жапсырып қоюыңызға болады. Табаны тегіс аяқ киімнің табанына клей жағу арқылы тайғанаудан құтылуға болады.