Психоаналитик Қарлыға Бүйенбайдың айтуынша, адам психикасының құрылымы өте күрделі. Оның түзілуіне ата-анасы балалы болуды ойға алған сәттен бастап, сәби дүниеге келгеннен кейінгі әрбір сәт әсер етеді. Қорқыныштың бала өміріне қалай әсер ететінін түсіндіру үшін әуелі психика құрылымына тоқталайық.

  • Бірінші құрылым. 1,5-2 жасқа дейін балада «Ид» немесе «Оно» деп аталатын бөлік түзіледі. Кішкентай баланы көз алдыңызға елестетіп көріңіз: бұзық, ойына келгенін істейді, дәретін кез келген жерде сындыруы мүмкін, қаласа күледі, жылайды немесе біреуді ұрып жібереді. Осы кезде баланың қалауына қарсы шығу болашақта оның тұлға ретінде дамуына кедергі келтіреді.
  • Екінші құрылым — «Эго». Бұл кезеңде баланың ішкі мені қалыптасады, мамандар осы кезде «Баланың бетінен қақпау керек, оған көп ұрысуға болмайды» дейді. Үш жастағы бала өзінің тілегі мен талабын айта бастайды, талғамы қалыптасады. Оның аузынан «Головкиндікіндей кепка керек», «Мұны емес, басқаны киемін», «Өзім жуынамын» деген сияқты сөздерді жиі естуге болады.
  • Үшінші құрылым — «Супер-Эго». Бұл — психиканың ата-ана мен жақын адамдардың тыйымынан, ескертуінен құрылатын бөлік. Кейін бұған қоғамдық норма, мемлекет тарапынан заң мен ереже қосылады.

Бала бес жасқа дейін психикалық травма алса, бұл оның кейінгі өміріне де әсер етеді. Мысалы, бала алғашқы 0-18 айында ата-анасынан ажырап қалды делік. 10 күнге болса да, бұл балаға үлкен травма болады. Ол кейін адамдарға сенім арта алмай қиналады. Ал сенім болмаған жерде отбасын құра алмайды. Енді ата-ананың баланы қорқытуының оған қалай әсер ететінін ойлап көріңіз. Баланың бірнеше минут бойы қорыққаны нейрондарда байланыс түзіп, өмірінде дәл осындай сәттердің айналып келіп отыруына әсер етеді. Бес жасқа дейін психикамызда жинақталған тәжірибе өмір бойы қайталанып отырады. Сонымен бірге жоғарыдағы қорқыныштар фобия болып қалыптасады. Кейде адам саналы деңгейде фобиясының пайда болу себебі бар екенін түсінбей жатады. Бұдан бөлек оны емдеуге болатынына да сене бермейді, — дейді Қарлыға Бүйенбай.

Фобия қалай пайда болады?

Психоаналитик бұл сұрақтың жауабын мысалмен түсіндіріп көрді.

Бірде Фрейд ата-анасымен бірге қонақүйге тоқтайды. Сонда анасы екеуі бір бөлмеде отырып, «Қазір анам екеуміз құшақтасып ұйықтаймыз» деп ерекше қуанады. Бірақ осы сәтте бөлмеге әкесі кіріп, анасын басқа бөлмеге алып кетеді. Оған есік ашылған кезде пойыздың дауысы естіледі. Осы жағдайдан кейін Фрейдте сидеродромофобия (пойыздан қорқу) қалыптасады. Ол ересек кезінде де пойыздан қатты қорқады. Кейін Фрейд бұл қорқынышынан осы жағдайды қайта еске түсіру арқылы арылған екен. Оның астарында анадан, қатты жақсы көрген адамнан айырылып қалу жатады. Жоғарыда айтып өткенімдей, дәл осындай қорқынышы бар адамдар кейін сүйіктісінен, өмірінде ерекше орын алатын адамдардан жиі қол үзіп қалуы мүмкін. Қайтыс болмаса да, әйтеуір бір себеп тауып айырылысып отырады, — дейді психоаналитик.

Бала психикасына қандай сөздер әсер етеді?

Өзіндік мені қалыптасып үлгермеген балаға кез келген сөз әсер етеді. Ал өзіндік мені қалыптасқан адам өзін тек санасымен, бейсанасымен қабылдайды. Мұндай адамға «Сен жамансың» деп айтса да, әсер етпейді. Өйткені ол өзіне объектив баға береді және өзін жамандаған адамның проекция жасап тұрғанын түсінеді, — дейді Қарлыға Бүйенбай.

Проекция дегеніміз — адамның өз бойындағы қасиетті қабылдай алмай, оны басқа біреуге телу. Көбінесе екінші бір адамды жамандауға құмар адамдар өзі туралы айтып жатыр деп түсінуге болады.

Жер бетінде 7 миллиард адам болса, олардың әрқайсысының қайталанбайтын жеке тарихы бар. Психоаналитиктің айтуынша, бір қалыпты алып, барлық адамды оның ішіне сыйдыра алмайсыз. Өйткені әр адамның тарихы әртүрлі. Балаға «Әй, қой» деп және «Иә, жарайсың» деп айтатын кездер болады. Бірақ мүмкіндігінше оған әр нәрсенің себебін түсіндіруге тырысу керек.

Бір жағынан әйелді де түсінуге болады. Сәби жаңадан дүниеге келген кезде бойда агрессия кернейді. Бала қатты жылап кетсе, ұрысқысы келіп тұрады. Мұндайда әдетке айналдыруға болатын жақсы дүние бар. Өзіңізге «Балам әр жылаған сайын, бетіне қарап күлімсіреп, құшағыма басамын» деп уәде беріңіз. Бұл нәрсе балаңызбен арадағы қарым-қатынасты түбегейлі өзгертеді. Ал бұдан да жақсысы — ата-ананың бір-бірімен ұрыспауы, бақытты болуы. Балаға біз бұдан артық тәрбие бере алмаймыз, — дейді психоаналитик.

Маман кеңесі

Психолог, психоаналитикке бармай тұрып әрбір ата-ана не істеу керек?

  • Күнделікті өмірде ата-ана баласына 5-10 минут уақыт бөліп, «Бүгін сені ренжітіп алмадым ба?» деп сұрау қажет. Өйткені айналып келгенде бар проблема балаға ата-ана махаббатының жетіспеуінде екенін ескерген жөн.
  • Балаға ата-анасының күліп жүргенінен, өзіне көңіл бөлгенінен артық ешнәрсе жоқ. Жұмыстан үйге келе сала бір сағат, ары кетсе 30 минут уақыт балаға арнаңыз. Кейін ұйықтағанша сіздің жаныңызға жоламайтын болады.
  • Егер балада фобия, психосоматика немесе әдеттегі мінезінде қандай да бір ауытқушылықтар байқалса, онда міндетті түрде маманның көмегіне жүгінген дұрыс.