— Майра, технология дамыған заманда балаларға кітап, соның ішінде боямақтар қаншалықты қызық деп ойлайсыз?

— «Сәлем, Қазақстан!» бояу кітаптарын шығаруды қолға алмай тұрып зерттеу жүргіздік. Алматыдағы ірі кітап дүкендерін араладық. Балаларға қандай тақырыптағы, жанрдағы кітапты оқыған қызық, оларға ата-ана қандай кітапты ойланбастан сатып әпереді — бәрін анықтауға тырыстық. Зерттеу барысында балаларға арналып басылып шығып жатқан кітаптың көбі орыс тілінде екенін байқадық. Қазақша кітаптарды мүлдем жоқ деуден аулақпыз, бірақ орыс тіліндегі кітаптар басымырақ. Сол себепті балаларға арнап қазақ тіліндегі бояу кітаптарды басуды қолға алдық.

Қазір балаға смартфонмен бірге кітап оқу да қызық. Кітап дүкендеріндегі сатушылар балалардың көп нәрсеге қызығатынын айтты. Бірақ оның назарын аударып, қызығушылығын ояту үшін сапалы дүние ұсыну керек.

Майра Әлжанова, ABAYbooks
«Сәлем, Қазақстан» жобасының жетекшілері. Фото: Сабина Сағынбаева

— ABAYbooks баспа үйі шығарған «Сәлем, Қазақстан!» бояу кітаптарының ерекшелігі не?

— Балалардың сәулет, мүсін, өнер және оның түрі мен қызметі туралы түсініктерін кеңейту мақсатында «Сәлем, Қазақстан!» бояу кітаптарын шығардық. Сонымен бірге балаларға Қазақстан қалаларының көрікті жерлерін иллюстрация арқылы танытуды мақсат еттік.

Қазір кітап дүкендерінен жануарлар мен өсімдіктер, ертегі және кино кейіпкерлері, көлік тақырыбындағы бояу кітаптарын жиі кездестіруге болады. Бірақ Қазақстан туралы боямақтарды мүлдем таппайсыз. Сол себепті еліміздегі ірі қалалар туралы тұңғыш рет бояу кітаптарын жасауды қолға алдық. Әр қаланың имиджіне айналған ғимараттары мен көрікті орындары бар. Мұнда әр нысанның қысқаша тарихы мен ол туралы қызық деректер жазылған. Бала түгілі, өзімізге бұл тақырып қызық болды. Өйткені Қазақстанның өзіміз болмаған қалаларына саяхаттағандай болдық.

Сонымен бірге бояу кітабы кішкентай туристерге гид-көмекші қызметін де атқарады. Мысалы, бір қалаға саяхаттауды ұйғарсаңыз, гид-кітапқа қарап, қаланың қандай жерлеріне баруға болады, тарихи ескерткіштер, музейлер мен театрлар, мешіттердің қай жылы, кімнің бастамасымен салынғанын білуге болады. Оған қоса, бала өскен соң өзге елге барғанда Қазақстанның ғажап әрі қайталанбас орындары мен ғимараттары туралы айтып береді.

"Сәлем, Қазақстан" бояу кітаптары
«Сәлем, Қазақстан» бояу кітабы. Фото: Сабина Сағынбаева

— Бояу кітаптарын шығарғанда қандай нәрсеге көбірек назар аудардыңыздар?

— Балаларға жеңіл әрі қызық болуы үшін бар күшімізді салдық. Ол үшін кітаптың мұқабасына көп мән бердік. Кітаптың мұқабасын дайындауға біршама уақыт жұмсадық. Мұқабаға әр қаланың көрікті орнына айналған ғимараттардың суретін иллюстрациямен бердік. Мұқабадағы ерекше дизайн кішкентай баланың назарын бірден аударады деген ойдамыз.

Бояу кітаптарының дизайнын дайындауда тоғыз иллюстратор жұмыс істеді. Олардың әрқайсы үшін бұл жоба қиын болғаны рас. Өйткені олардың алдында баланың қабылдауына оңай болуы үшін қызық әрі түсінікті етіп жеткізу тапсырмасы тұрды. Оның үстіне, Қазақстандағы күрделі архитектура ерекшеліктерін, ғимараттардың стилі мен идеясын жоғалтып алмау да маңызды еді. Суреттегі әр деталь көпшіліктің талқылауынан өтті. Сонымен бірге флора мен фауна үлгілерін де қосып, ғимараттарды түрлендірдік.

"Сәлем, Қазақстан!" бояу кітабы
«Сәлем, Қазақстан!» бояу кітабы. Фото: Сабина Сағынбаева

— Бояу кітаптары балалардың дамуына қалай ықпал ете алады?

— Бояу кітаптары баланың шығармашылық қабілетін дамытады. Қиялындағы бейнені қағаз бетіне түсіріп, түрлі оқиғаны ойлап табады. Сурет салуға деген құштарлығын оятады. Сонымен бірге суреттерді бояу баланың жүйке жүйесін тыныштандырып, позитив ойлауға көмектеседі. Бояғыштар арқылы олар түс таңдауды, пішіндерді есте сақтауды, кейіпкерлерді қалай бояу керек екенін үйренеді. Бала көп нәрсеге қызыға бастайды.

— Кітаптың сатылуы туралы айтып берсеңіз…

— Кітаптың шығарған соң оның маркетинг жағын да көп ойладық. Қазір әлеуметтік желідегі танымал блогерлер де бояу кітаптары туралы жақсы пікір жазып, қолдап жатыр. Сонымен бірге бірнеше бейнеролик те түсірдік. Қазақстандықтар бұл бояу кітаптары туралы көбірек біліп, оны сатып алады деп үміттенеміз. Кітаптың бағасы әр кітап дүкенінде әртүрлі. Қазір «Сәлем, Қазақстан!» бояу кітаптарын бірнеше облыс пен қаланың әкіміне ұсынып жатырмыз. Олардан әзірше жақсы пікір естіп жатырмыз.

"Сәлем, Қазақстан" бояу кітабы
«Сәлем, Қазақстан» бояу кітабының презентациясы. Фото: Сабина Сағынбаева

— Балаларға арналған басқа қандай жобаларды қолға аласыздар?

— Қыркүйек айында ABAYbooks баспа үйі Қазақстанда тұңғыш рет Disney ертегілерінің қазақ тіліндегі топтамасын ұсынады. ABAYbooks — Disney ертегілерін қазақ тіліне аударуға лицензия алған Қазақстандағы жалғыз баспа. Бұған дейін Disney фильмдері қазақ тіліне аударылғанын білеміз, бірақ ертегі кітаптары қазақ тіліне аударылған жоқ. Компаниямен бір жылдан астам уақыт жұмыс істедік. «Мулат», «Батыл жүрек», «Сұлу мен құбыжық», «Мұзды өлке», «Покахонтас», «Аладдин», «Ұйқыдағы ару» сияқты бүкіл әлем білетін 14 ертегіні ағылшын тілінен қазақшаға аудардық.

Бұл — біз үшін ерекше жоба. Өйткені Disney сияқты компаниямен жұмыс істеу — үлкен тәжірибе. Ертегі кітаптары үш жастан асқан балаларға арналған. Сондықтан оларға түсінікті әрі қызық болуы үшін екі рет редактурадан өткіздік. Бастапқы нұсқасында кітаптың тілі күрделі болды. Сол себепті қазақ тіліндегі әдеби сөздерді пайдаландық. Қазір біз компанияға кітаптың соңғы нұсқасын жібердік. Disney компаниясы біздің нұсқамызды қатаң түрде тексерістен өткізеді.

— Әңгімеңізге көп рахмет!

«Сәлем, Қазақстан!» бояу кітаптарын «Меломан», «Алматыкітап», «Қазына» тағы басқа кітап дүкендерінен сатып алуға болады.