Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, республикалық комиссия құрамына мемлекеттік органдардың, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, жоғары оқу орындары қауымдастығының, ректорлар кеңесінің, бұқаралық ақпарат құралдарының, «Жас Отан» жастар қанатының, Студенттер альянсының, үкіметтік емес ұйымдардың, ADAL BILIM жобасы кеңсесінің өкілдері кірді.

2019-2020 оқу жылында білім беру гранттары білім беру бағдарламалары тобы бойынша тағайындалады. ЖОО-ға қабылдау кезінде талапкер нақты білім беру бағдарламасын таңдайды.

Бұл оқу жылына 53 785 грант бөлінді. Мемлекеттік тапсырыстың жалпы көлемінің 47%-тен астамы инженерия, өңдеу және құрылыс және IT саласына, 8 276 грант педагогика ғылымдарына, 4 088 грант жаратылыстану ғылымдарына, математика мен статистикаға, 2 200 грант қызмет көрсету мамандықтарына, 1 615 грант өнер және гуманитария ғылымдарына, 2 435 грант ауыл шаруашылығы ғылымдары мен ветеринарияға, 2 183 грант әлеуметтік ғылымдарға, бизнес пен экономика салаларына бөлінді.

Колледж бітіргендер үшін олардың бейіні бойынша 3 040 грант бөлініп отыр. Жекелеген категориялар үшін квоталар қарастырылған (жетім балалар, мүгедектер, ауыл жастары, қазақ диаспорасы және тағы басқа).

«Мәңгілік ел жастары индустрияға!» жобасы аясында ауыл жастары үшін тағы 5 109 білім гранты бөлінді.

Білім беру гранттарын тағайындау конкурсына 64 452 адам қатысып жатыр, оның ішінде 52 337 адам қазақ бөліміне, 11 757 адам орыс бөліміне, 87 адам ағылшын бөліміне құжат тапсырған.

Конкурсқа қатысушылардың ішінде «Алтын белгі» төсбелгісін алған 5 824, халықаралық және республикалық пән олимпиадаларында жеңімпаз болған 224, жалпы білім беру пәндерінен халықаралық және республикалық ғылыми жарыстардың жеңімпазы болған 128, республикалық және халықаралық спорт жарыстарының жеңімпазы болған 336 талапкер бар. Оларға ҰБТ балы тең болған жағдайда ғана артық құқық беріледі.

Қабылданған өтініш нәтижесі бойынша конкурстың көп бөлігі медицина, журналистика, құқық, дизайн, педагогика және психология бағыттарында жүргізіледі. Техника бойынша білім беру бағдарламалары тобы арасында IT, коммуникация технологиялары, биология және аралас ғылымдарға сұраныс көп.

Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша білім беру гранттарын тағайындау нәтижесі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Сонымен қатар көпбалалы отбасылардан шыққан адамдар мен атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін қосымша 5 мың грант негізгі конкурстан кейін беріледі. Ол үшін жергілікті атқарушы органдарға өтінішті 5-10 тамыз аралығында беруге болады. Білім гранттары 25 тамызға дейін тағайындалады.