Автор ұсынған JОО.kz ақпарат-сараптама порталының жұмысы екі бөлімнен тұрады. Түлектер бірінші бөлімінен отандық жоғары оқу орындары, бейінді пәндер мен мамандықтар, оқу ақысы, олардың бәсекеге қабілеті, рейтингі, студенттерінің саны, әлеуметтік желідегі парақшалары, байланыстары және басқа да ақпарат алады. Екінші бөлім сараптамалық мағлұматтардан тұрады, яғни сынақ тестінің ұпайы бойынша мүмкіндіктерін сынап, қай мамандыққа мемлекеттік грант арқылы түсуге болатынын біле алады.

Қанат Өксікбаев
Қанат Өксікбаев. Фото СДУ баспасөз қызметінен

Портал арқылы 2017 жылы 20 мыңнан аса талапкерге тегін көмек берілген. Автордың айтуынша, зерттеу нәтижесі 90% дәлдікті көрсеткен. Зерттеу барысында Big Data, Machine Learning сияқты заманауи технологиялар қолданылады. Порталда аудиторияның сұранысына сай қажет жаңалықтар жарияланып отырады.

Көп талапкер мемлекеттік грант пен ауыл квотасы туралы күрделі сұрақтарды түсіне бермейді. Сондықтан біздің порталда түлектерге барынша ашық әрі түсінікті ақпарат беруге тырыстық. Мысалы, түлек төрт мамандық пен төрт университетті таңдайды, сол бойынша грантқа түсу ықтималдығын анықтайды. Таңдау пайызын бала өзі көре алады, нәтижесінде ең ыңғайлы, ең оңтайлы нұсқаны біледі, — дейді Қанат Өксікбаев.

Автор білім беру мен педагогика саласында 10 жылдан артық еңбек еткен. Маман «бұл жоба  — әлеуметтік маңызы бар құрал» деген пікірде. Ол жобаны толығымен іске асыруға 2 жыл уақытын арнаған.

Университет түлектерінің 50-60%-ы мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Мұның себебі кәсіби бағыт-бағдар беру дұрыс болмады деген сөз емес. Бұл үрдіс Еуропада да болып жатыр, өйткені қазір заман талабы өзгеріп кетті. Бәрібір жыл өткен сайын адамдардың мамандығын ауыстыруына тура келеді. Олай болса, мектеп түлегі ауылда қалып кетпей, үйреншікті ортадан шығуы тиіс. Ал бұл жоба сондай балаларға мүмкіндік береді. Мамандық таңдау кезінде қай мамандыққа түскені маңызды емес. Оның университетте оқып жүріп, жетілдірген қабілеті мен біліктілігі маңызды. Ең басты мәселе — балаларды ауылдан шығару керек, грантқа іліксін, белгілі бір ортаға түссін. Білімі мен мәдениеті төмен болған адамның себебінен қоғамда түрлі мәселе туады, — дейді жоба авторы.

Қанат Өксікбаев 2008 жылдан бері педагогикамен байланысын үзбей келеді. Оңтүстік Қазақстан өңірлерінде қызмет атқарып, халықтың әлеуметтік жағдайын көріп, жасөспірімдердің мәселесіне етене араласқан. Оның пікірінше, елдің солтүстік өңірлерінде демографиялық өсім төменірек болса, батыста жағдай бірқалыпты, ал оңтүстік аймақтарда бала саны артып, тіпті, білім ошақтары жетіспей, ата-аналардың перзентіне ақылы білім беруге қалтасы көтермей жатады.

Кейбір мамандыққа мемлекеттен 270 грант бөлінсе, оған 70 бала ғана тапсырған. Қалған 200 грант босқа кетіп жатыр. Көбіне баланың икемі қай мамандыққа бұрып тұрса да, ата-ананың көзқарасы барынша грантқа итермелеп тұрады. Бұл елдегі экономикалық жағдайға байланысты, яғни бала қаласа да, қаламаса да, грантқа түсуге мәжбүр. Меніңше, бұл дұрыс. Себебі бұл балалар бәрібір қазір өз қалауын нақты анықтай алмайды. Жоғары білімсіз, бос жүргеннен гөрі мүмкіндігін сынап, кез келген мамандық бойынша грант арқылы білім алғаны дұрыс, — дейді жоба авторы.

Сулейман Демирел университеті түлегінің JОО.kz ақпарат-сараптама порталы түрлі білім беру орталығы мен әлеуметтік желілер арқылы жасөспірімдерге насихатталып жүр. Енді Қанат Өксікбаев жобаны елдің шалғай аудандарындағы жас түлектерге жеткізу үшін тиісті мекемелермен серіктестік орнатқысы келеді.