Басты бетЖаңалықтарИнспектор Қаныш...

Инспектор Қаныш Нұртазинов «Айбын» орденімен марапатталды

Қасым-Жомарт Тоқаев браконьерлер қолынан қаза тапқан инспектор Қаныш Нұртазинов пен оның әріптесі Самат Оспановты «Айбын» орденімен наградтады.

Тиісті құжат Ақорданың сайтында жарияланды.

Қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін наградталсын: І дәрежелі «Айбын» орденімен Нұртазинов Қаныш Серікұлы (марқұм) — Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК Орталық өңірлік филиалының инспекторы; ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен Оспанов Самат Қошбергенұлы — Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК Орталық өңірлік филиалының инспекторы, — делінген Президенттің жарлығында.

Еске салайық, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қаныш Нұртазиновтің отбасына көмек берілетінін, марқұмның марапатталатынын және браконьерлікке қарсы жазаны күшейту мақсатында заңнаманы қайта қарау қажет екенін айтқан еді.

2019 жылдың 23 шілдесінде Ақмола облысының Жарқайың ауданында орман инспекторлары киік атқан браконьерлердің соңына түскен. Браконьерлер «Нива» көлігінен қорықшылар – Қаныш Нұртазинов пен Самат Оспановқа оқ атты, Қаныш Нұртазинов ауруханаға барар жолда қайтыс болды. Самат Оспановқа операция жасалды.

Полиция күдіктілерді ұстады. Тергеу жүріп жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев марқұмның туыстарына қайғырып көңіл айтып, кінәлілердің жазаланатынын және инспектордың мемлекеттік наградаға ұсынылатынын айтты.

Осыған ұқсас жағдай 2019 жылдың қаңтарында болған еді. Қарағанды облысы аумағында «Охотзоопром» инспекторлары Ерлан Нұрғалиев пен Петр Ницыкқа браконьерлер шабуыл жасады. Ерлан Нұрғалиев ауыр жарақат алып, қайтыс болды. Қаскөйлер оны пышақтап, басына зақым келтірген, жағын сындырған. Әріптестері Ерлан Нұрғалиевтің қызметіне адал, табиғатқа жанашыр, принципшіл адам болғанын айтты. Ол алты жыл бойы Нұра ауданының сирек кездесетін жануарларын жанын сала қорғаған. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ерлан Нұрғалиев пен оның шабуылдан аман қалған әріптесі Петр Ницыкты ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен наградтады.