Қасым-Жомарт Тоқаев: Қаныш Нұртазиновтің отбасына көмек беріледі

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев браконьерлер өлтіріп кеткен орман инспекторы Қаныш Нұртазиновтің отбасына көмек берілетінін айтты.

Қорықшы-инспекторлар Қаныш Нұртазинов пен Самат Оспанов мемлекетіміздің табиғи байлығын қорғау жолында ержүректік көрсетті. Олардың ерлігін мақтан тұтамыз. Қаныш Нұртазиновтің отбасына көмек беріледі. Оның есімі мәңгі жадымызда сақталады. Иманды болсын! — деп жазды Президент Twitter-де.

Сонымен бірге ол браконьерлер үшін жазаны қатайту қажет екенін айтты.

Қорықшы-инспекторлардың құқығын қорғау және браконьерлікке қарсы жазаны күшейту мақсатында заңнаманы қайта қарау қажет, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

2019 жылдың 23 шілдесінде Ақмола облысының Жарқайың ауданында орман инспекторлары киік атқан браконьерлердің соңына түскен. Браконьерлер «Нива» көлігінен қорықшылар — Қаныш Нұртазинов пен Самат Оспановқа оқ атты, Қаныш Нұртазинов ауруханаға барар жолда қайтыс болды. Самат Оспановқа операция жасалды.

Полиция күдіктілерді ұстады. Тергеу жүріп жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев марқұмның туыстарына қайғырып көңіл айтып, кінәлілердің жазаланатынын және инспектордың мемлекеттік наградаға ұсынылатынын айтты.

Осыған ұқсас жағдай 2019 жылдың қаңтарында болған еді. Қарағанды облысы аумағында «Охотзоопром» инспекторлары Ерлан Нұрғалиев пен Петр Ницыкқа браконьерлер шабуыл жасады. Ерлан Нұрғалиев ауыр жарақат алып, қайтыс болды. Қаскөйлер оны пышақтап, басына зақым келтірген, жағын сындырған. Әріптестері Ерлан Нұрғалиевтің қызметіне адал, табиғатқа жанашыр, принципшіл адам болғанын айтты. Ол алты жыл бойы Нұра ауданының сирек кездесетін жануарларын жанын сала қорғаған. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ерлан Нұрғалиев пен оның шабуылдан аман қалған әріптесі Петр Ницыкты ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен наградтады.