Әлем бойынша қарқынды дами бастаған цифрландырудың өзекті инновациялық үрдістерінің бірі — «ақылды қалаларды» дамыту. Smart City тұжырымдамасының мәні — азаматтар үшін жайлы тұрмыс жағдайын жасау мақсатында инновациялық шешімдерді енгізу есебінен қала ресурстары мен қызметтерін басқаруды тиімді ете түсу. Қазақстанда мұндай тұжырымдама жасалып, сәтті іске асырылып жатыр.
«Ақылды қалаларды» құруда цифрландыру да, Үкіметтің халықпен өзара байланысын нығайту да маңызды роль атқарады. БҰҰ рейтингінде Қазақстан электрон үкіметті дамыту жөнінен 39-орында. Ал Азия елдері арасында 8-орынды иеленіп отыр. Рейтингтің басында Корея Республикасы, Сингапур және Жапония тұр. Электрон үкіметті дамыту индексі бойынша еліміз «деңгейі өте жоғары» мемлекеттер қатарына енеді.
Электрон үкіметті дамыту индексіне елдегі веб-сайттардың даму моделін бағалаумен бірге цифрлық инфрақұрылым, цифрлық білім беру мен елдің ақпарат технологияларды қолдану деңгейі сияқты сипаттамалар жатады.
Strategy2050.kz мәліметінше, Қазіргі уақытта Қазақстанда 6 «ақылды қала» жобасы жұмыс істейді: Smart Nur-Sultan, Smart Almaty, Smart Aqkol, Smart Petropavl, Smart Aktobe және Smart Qaragandy. Бұл қалаларда мемлекеттік қызмет көрсету, көлік желісін басқару, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, денсаулық сақтау, білім беру, ауылдағы инновациялық шаруашылық, тұрмыс қалдықтарын залалсыздандыру салалары бойынша ұтымды технологияларды енгізу қарастырылған.
2017 жылы әр өңір үшін шешуші сфералар анықталды. Мысалы, Нұр-Сұлтанда қауіпсіздік пен тұрғын үй-коммунал шаруашылық салаларына басымдық беріліп отыр. Қазіргі уақытта астананың тұрғын үй шаруашылығы саласында көшені жарықтандырудың smart жобасы іске асырылып жатыр. Бұл жоба электр энергиясын 48% үнемдеуге, жарықты 50% реттеу режимін қолдану есебінен электр энергиясының тағы 13,6% қосымша үнемделуіне, диспетчердің онлайн басқаруының арқасында электр жарықшамдарының жағдайына мониторинг жүргізетін бригадалардың шығынын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.
Нұр-Сұлтанда әлеуметтік қызмет, инфрақұрылым салу, бизнес, инновациялар, туризм мен мәдениет салалары бойынша да smart жобалар жасалған.
Ал Алматыда көлік пен онлайн басқару басымдық берілген салалар болып отыр. Smart Almaty шеңберінде іске асырылған жобалардың арасында Open Almaty, Almatybike, «Оңай», «Алматы паркинг», Автоматтандырылған ақпарат жүйесі, «Жол қозғалысы қауіпсіздігі», «Жағдаят орталығы», «Тұрғындарға ыңғайлы сервис», «Жайлы қала», «Ашық деректер» және Mit Education-ды ерекше атауға болады.
«Ақылды қала» жасау үшін ондағы байланыстың сапасы мен тұрғындардың цифрлық сауатының жоғары болуы маңызды. 2018 жылы дербес компьютер, смартфон, планшет, ноутбук, стандарт программалар қолдана алатын және интернет арқылы сервис ала алатын 6-74 жас аралығындағы азаматтардың үлесі елімізде 79,6% болды, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 2,5% көп.
Цифрлық сауат жөнінен өңірлер арасында Алматы көшбасшы болып отыр. Мұнда түрлі технологияны қолдана алатын дағдысы бар тұрғындардың үлесі 81,6%-тен 87,2%-ке көбейді. Бұл жағынан үздік үштікке Алматы облысы (86,7%) мен Нұр-Сұлтан (85,4%) да енді.
2019 жылдың маусымының соңында Қазақстанда мөлшерленген интернет абоненттерінің саны 2,5 миллион адамға жетті, бұл 2018 жылдың соңына қарағанда 1,9% көп. Ол кезде көрсеткіш 2,46 миллион адам болған еді.
(Иллюстрация: Dribbble.com ©Fill Ryabchikov)