Басты бетЖаңалықтарӨскеменде қараусыз...

Өскеменде қараусыз қалған жағалау саябаққа айналды

Өскемендегі көп жылдан бері қараусыз жатқан аумақта жаңа спорт-экология саябағы бой көтерді.

2019 жылдың 15 тамызында «Самал» саябағындағы ауқымды абаттандыру жұмысы толық аяқталады. Саябаққа арнайы барған облыс әкімі Даниал Ахметов осылай деді.

Бұл жер өскемендіктер мен қала қонақтарының сүйікті орындарының біріне айналады. Рас, былтыр осы жұмысты бастағалы жатқанда бұл әрекетімізге күмәнмен қарағандар көп болды. Өйткені бұл жер көп жыл бойы қараусыз, иен жатқан еді. Дегенмен біз бір-ақ жылдың ішінде оны адам танымастай етіп өзгерттік. Бұл саябақты қаладағы басқа парктерден табиғаты ерекшелеп тұрады. Ең бастысы — мұнда келушілер спорттың барлық түрімен айналысады. Оған барлық жағдай жасалады, – деді аймақ басшысы.

Жаңа саябақ Октябрь аралында салынып жатыр. Онда заманауи жағажай, түрлі спорт нысаны, жүгіру жолақтары, велосипед жолы, роллердром, скейтпарк, балалар алаңқайлары мен фудкорттар, полиция мен медицина пункттері сияқты нысандар болады. Саябақтың сыртына кем дегенде 200 автокөлік сыятын көлік тұрағы салынады. Сонымен бірге мұнда демалушыларға құтқарушылар мен медицина қызметкерлері тиісті көмек береді.

Өскеменде салынып жатқан саябақ
Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

Қауіпсіздік мақсатында саябақ аумағына көлікпен кіруге тыйым салынады. Ит-мысық жетектегендерге бөлек аумақ беріледі.

Осы саябақта барлығы табиғи болуы керек. Тұрғындар мұнда демалуға ғана емес, табиғатқа бір табан болсын жақындау үшін келуге тиіс. Сондықтан газондарды қырқып, қара жерді тегістеудің де қажеті жоқ, — деді Даниал Ахметов.

Қазіргі уақытта «Самал» саябағында балаларға арналған көл мен жағажай дайын. Қаланың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, Ертісті жанай аққан арна қоқыстан толық тазартылып, оған таза су жіберіледі.

Алдағы уақытта мұнда балаларға арналған орындық, шатыр және күнге қыздырынып жатуға арналған төсектер қойылады.

Көлшік уақытылы тазартылып, суы да ауыстырылып тұрады, — деді «Астас» ЖШС директоры Борис Невзоров.

Өңір басшысы Даниал Ахметов Өскемендегі Бейбітшілік көшесінде салынып жатқан жаяулар көшесіне де барып, құрылыс жұмысымен танысты.

Жоспар бойынша облыс орталығындағы жаяу жүргіншілерге арналған тұңғыш көшенің бірінші бөлігі (Сағадат Нұрмағамбетов жəне Максим Горький көшелерінің аралығы) қыркүйектің 1-іне дейін салынып бітуі керек.

Даниал Ахметов құрылысқа оң бағасын берді.

Таяуда бұл аумақ жаңа келбетке ие болады. Мұнда гүлзарлар орнатылып, орындықтар қойылады, балалар алаңқайы мен субұрқақ салынады, — деді әкім.