Даниал Ахметов дарынды оқушылармен кездесті

Өскеменде 2018-2019 оқу жылында халықаралық зияткерлік олимпиадалар мен спорттық жарыстардың, дүбірлі өнер додаларының жүлдегері атанған оқушылар марапатталды. Бұл салтанатты жиынға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов қатысты, деп хабарлайды ШҚО Ішкі саясат басқармасы.

«Үздік оқушы-2019» аталымына информатика бойынша ұлттық құраманың мүшесі, жаратылыстану-математика бағытындағы республикалық олимпиаданың үш дүркін жеңімпазы, Еуразия халықаралық олимпиадасының жеңімпазы Темірлан Байболов лайық деп танылды.

«Жыл серпіні-2019» номинациясы қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндерден республикалық олимпиаданың жеңімпазы, Өскемендегі №12 мектебінің 11-сынып оқушысы Әлішер Хонкуловқа берілді.

Кездесу басталмай тұрып аймақ басшысы оқушылардың ғылыми жобасы мен өнертабыстары ұсынылған көрмені аралады. Көрмеде 3D модельдеуден бастап робот техниканың алуан түрі, химия мен инженерияның жетістіктері, күн батареясымен ұшатын ұшақ, авто әуежай, тіпті Шолпан планетасындағы бұлтты қаланың нобайы да бар.

Сіздер алтын кезеңде өмір сүріп жатырсыздар. Кейінгі 10-15 жыл көлемінде адамзат баласы мыңдаған жылдар бойы түйінін таба алмай келген жаңалықтар ашылып, игілікке айналып жатыр. Бүгінгі көрмеден сіздердің әрбір іске шығармашылықпен, тың идеямен, ерекше ынтамен кірісіп жатқандарыңызды байқадым. Біз облыстағы қабілетті балалардың бойындағы дарынын ұштап, қандай да бір жетістікке жетуі үшін шаралар ұйымдастырып, барынша жағдай жасап жатырмыз. Бүгінде елімізде ІТ-сыныптар ашылып жатыр. Осы бағытта Шығыс Қазақстан облысы көш бастап тұр. Жыл сайын оқушылар өздерінің қарым-қабілеттерін Skills for geeks чемпионатында, ІТ-фестивальде көрсетіп, жетістіктерге жетіп жүр. Осының бәрі ел ертеңі – жастар үшін істеліп жатқан жұмыс, – дейді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Сонымен қатар аймақ басшысы дарынды оқушыларға алғыс хаттар мен грамоталар, бағалы естелік сыйлықтар табыстады.

Кездесу барысында оқушылар алдағы жоспарларын бөлісті. Олар аймақ басшысына туған өлкені зерттеуге бағытталған археологиялық мектептер мен экскурсиялық сапарлар, IT-технологиялар туралы, стартап жобалар байқауы жайында өздерін қызықтыратын сауалдарды қойды.

Өткен оқу жылында зияткерлік білім сайыстарына қатысқан шығысқазақстандық оқушылар 148 медаль иеленген.  Оның 43-і алтын болса, 50-і күміс, 55-і қола жүлде. Мұның ішіндегі 39 медальді оқушылар Оңтүстік Корея, Нидерланды, Бразилия, Индонезия, Австралия, Жапония, АҚШ, Беларусь және Ресей сынды шетелдерден еншілеп қайтқан.

Қуан Сейіт

Шығыс Қазақстан облысы