Синоптиктер аптап әлі басылмайтынын болжады

«Қазгидромет» кәсіпорнының мамандары 16-18 шілде күндері ауа райы қандай болатынын хабарлады.

Антициклон мен Ираннан келетін ыстық ауа массаларына байланысты Қазақстанның көп облысында ыстық және өте қатты ыстық ауа райы сақталады. Республиканың батысында жаңбырдан және ыстықтың әлсіреуінен кейін ауа температурасы қайтадан жоғарылайды. Республиканың басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан 2-7 градусқа жоғары болады деп болжанып отыр, — деп хабарлады синоптиктер.

16 шілде күні қатты ыстыққа байланысты бірнеше өңірде ескерту жарияланды. Нұр-Сұлтанда сынап бағанасы 35 градус, Ақмола облысында 35-38 градус ыстықты көрсетеді.

Солтүстік Қазақстан облысында 37 градус ыстық болады. Күн Маңғыстау облысында 40, Қызылорда облысында 44 градусқа дейін ысиды. Қызылорда облысында солтүстіктен, солтүстік-шығыстан 15-20 метр/секунд жел соғады. Маңғыстау облысында солтүстік-шығыстан және оңтүстік-батыстан секундына 20 метрге дейін жететін жел соғып, шаңды дауыл тұрады.