Арыс оқушылары Шығыс Қазақстан облысына барды

Арыстан келген балаларға теміржол вокзалында Семей әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев қарсы алып, өз тілегін білдірді.

Абай, Шәкәрім, Мұхтардай ұлылар туған қасиетті мекенге қош келдіңіздер! Біз Арыспен біргеміз! Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтың тікелей тапсырмасы бойынша Арыстан Шығысқа 300 баланы қабылдау шешімі шықты. Міне, бүгін алғашқы топ келіп жатыр. Баршаңызға жақсы демалыс тілеймін. Күш-қуат жинап, оқуларыңызға тың дайындықпен барып, ата-атаналарыңызды қуантасыздар деген ойдамын, — деді Айдар Садырбаев.

10 шілде күні Арыстан 150 бала Өскеменнің «Горная Ульбинка», Катонқарағайдың «Арайлы Шығыс» және Семейдің «Қарағайлы» шипажайларында демалады.

Арыстан келген балалар «Қарағайлы» шипажайында демалып қана қоймай, тұзды үңгір мен оттегі коктейлі сияқты емдік-сауықтыру шараларын қабылдайды. Барлық бала дәрігердің тікелей бақылауында болады. Өлкені тану мақсатында Абай ауданындағы Жидебайға бару және қаланың көрікті орындарымен таныстыру жоспарланған, — дейді қалалық білім бөлімінің басшысы Наталия Фесенко.

Шілде айының 15-25 аралығында Арыстан 70 бала келеді. Оның ішінде 20 бала Риддердегі «Синегорье» лагеріне жіберілсе, 50 бала Глубокое ауданының «Толағай» жазғы лагеріне жолдама алады. Ал шілденің 28-і тамыздың 7-сі аралығында 80 баланың 30-ы Алакөлдегі «Үржарайым» лагерінде демалады, 50 бала Төменгі Тайынтыдағы «Болашақ» лагеріне жіберіледі.