2019 жылдың 5 айында Қазақстанда қант өндірісі 91,1 мың тоннаға дейін, яғни 45,4% азайды. Бұл туралы Energyprom.kz сарапшылары хабарлады.

Қантты елімізде негізінен Жамбыл облысы өндіреді. Биыл 67,2 мың тонна өнім өндірілген, бұл — республика бойынша қант өндірісінің 73,8%-і, бірақ биылғы өндіріс көлемі былтырғыдан 48,7% аз. Жамбыл облысында Орталық Азия қант корпорациясының екі филиалы бар — Таразда және Меркіде.

Мамандардың мәліметінше, қант өндірісінің азаюына Орталық Азия қант корпорациясы филиалдары зауыттарының бірнеше айға тоқтатылуы себеп.

Республика бойынша қант өндірісінің 24,8%-і Алматы облысына тиесілі. Өңірде Орталық Азия қант корпорациясының бірнеше филиалы бар: Көксу, Ақсу, Боралдай, Ескелді және Алакөл қант зауыттары.

Мамандар өндіріс қарқыны жуық арада қалпына келеді деп отыр: елімізде екі қант зауыты салынғалы отыр. Біреуі 2021 жылдың соңына қарай Жамбыл облысында ашылады. Жоба құны — 80 миллиард теңге. Екінші зауыт Павлодар облысында салынады, құны — 180 миллиард теңге. Екі зауыт та жергілікті шикізат есебінен жылына 100 мың тонна өнім өндіреді деген жоспар бар.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда қантты тұтынудың орташа көрсеткіші — жылына шамамен 500 мың тонна. Ішкі нарық сұранысының 90%-і сырттан келетін қант құрағы шикізаты мен дайын қантты қайта өңдеу есебінен өтеліп отыр. Елімізге қант жеткізетін негізгі екі импорттаушы — Ресей мен Беларусь.

2018 жылы импорт қант нарығының үштен бірін ғана алса, қазіргі уақытта нарықтың жартысынан астамы — импорт. Импорттың өзі жылына 13,6%, экспорт есе азайды. Елдегі қантты тұтыну деңгейі 26,1% төмендеді.

Бір жыл ішінде қанттың 1 келісінің бағасы (маусым айының қорытындысы бойынша) 240,3 теңгеге дейін, яғни 7,7% өсті. Ең жоғары баға Көкшетауда, Талдықорған мен Түркістанда тіркеліп отыр. Көкшетауда қанттың келісі — 257 теңге, Талдықорғанда 255 теңге, Түркістанда 251 теңге.

Қант бағасының күрт өсуі Қызылордада байқалды: өнім бір жылда 14,6% қымбаттады, қазір келісі — 244 теңге. Шымкентте, керісінше, қант бағасы 2,1% төмендеді, келісі — 228 теңге.

Қант бағасы, кесте

(Иллюстрация: Dribbble.com ©Gretel Cummings)

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!