Ақсу қант зауыты алғашқы өнімін шығарды

Қазір Ақсу қант зауытына қант қызылшасы Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарынан жеткізіліп жатыр.

«Ақсу қант» ЖШС-ның атқарушы директоры Сәкен Мұратовтың айтуынша, зауытта жасалған жөндеу жұмыстарының нәтижесінде қант қызылшасын өңдеу мен қант шығаруды бастау жұмыстарының жүйесі іске қосылды. Келесі жылы қуаттылығы 5 мегаваттық жаңа жылу-электр орталығы пайдалануға беріліп, заманауи жылу қазандықтары мен турбогенераторлар орнатылады.

Облыс басшысы Амандық Баталовтың айтуынша, алдағы 3 жылда зауыт толық жаңартылады.

«Мемлекет қолдауының, жергілікті атқарушы орган мен инвесторлардың бірлесіп атқарған тыңғылықты жұмысының нәтижесінде он жылдан бері тоқтап тұрған Ақсу қант зауыты іске кірісті. Барлық технологиялық процестерден кейін кәсіпорын аппақ қантын шығара бастады, бұл – жүргізілген жұмыстың нәтижесі. Алдағы 3 жылда зауыт толық жаңғыртылып, ескірген құрал-жабдықтар жаңа, озық үлгідегі, жоғары технологиялы жабдықтармен ауыстырылады.  Сонымен қатар Ақсу қант зауытын іске қосу арқылы жұмыссыздық деңгейі ауданда 5,7 %-тен 4,7%-ке төмендегенін де айтып өткен жөн. Сол сияқты зауыт пен Жансүгіров кентіндегі колледж арасында кәсіпорынға 50-ден астам маман дайындау туралы келісімшарт жасалды, — деді ол.

Айта кетейік, бүгінгі күні зауыт 2 мың тонна шикізат өңдеп отыр.

Дереккөзbaq.kz