Алматыда Biz birgemiz атты митинг өтті

Алматыдағы Сарыарқа кинотеатрының маңындағы алаңға мыңдаған адам жиналды. Олардың мақсаты — ел ішіндегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға жұмылу. Бұл туралы Алматы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Митинг модераторы журналист, публицист Жанарбек Әшімжан бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелер хақындағы ойларын ортаға салды.

Қазір қоғам тарапынан көптеген мәселе алға тартылып жатыр. Оны жасырудың еш қажеті жоқ. Бірлесе шешу керек. Олар мемлекет тарапынан тиісінше шешіліп жатқаны да ақиқат. Бәрімізге белгілі, көпбалалы аналар мәселесі, жастардың әлеуметтік жағдайы секілді дүниелердің барлығына да Елбасының тікелей пәрменімен Nur Otan партиясы бас болып, мемлекетіміз сол сәтінде көңіл аударып, нақты шараларды қолға алды. «Бақытты отбасы», «Құтты мекен», «Халыққа көмек» ұлттық жобалары табысты іске асырылып жатыр. Президент қызметіне кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында да әлеуметтік мәселелерге көп көңіл бөлінгені атап өтілді. Әсіресе, көпбалалы аналар мен тұрмысы төмен отбасылардың 300 мыңға дейінгі банктік тұтынушылық несиелерін өтеу туралы таяуда қабылданған шешім де қаншама адамды ауыртпалықтан құтқармақ. Күні кеше Арыста болған апатта халқымыз ауызбіршілігін, жанашырлығын көрсетіп, Nur Otan партиясы да, мемлекетіміз де зардап шеккен жұртқа бар жағдайын жасап жатыр, — деді ол.

митинг
Фото: Алматы әкімінің баспасөз қызметі

Модератор осындай кезеңде халықтың бір кісідей жұмылып, туындаған мәселелерін бірлесе шешуі керек екенін айтты.

Елдің ынтымақта дамуын көре алмайтын кей жандар бар екені өкінішті. Олар жеке мүддесін көздеп, шетелде отырып алып, халық арасына іріткі салып, жұртты бүлікке шақырады. Әлеуметтік проблемаларды желеу қылып, елдің ішіне лаң салып, халықтың шырқын бұзуға ешқашанда жол берілмейді, — деді Жанарбек Әшімжан.

митинг
Фото: Алматы әкімінің баспасөз қызметі

Кейін ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман, Медеу ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы, әскери ғылымдарының докторы, Қазақстан әскери ғылымдары академиясының мүшесі, қоғам қайраткері Ким Серікбаев және тағы басқалар жиын тақырыбы мен мақсатына байланысты толғандырған ойларын бөлісті.

Мен бар ғұмырымды әскер саласына арнаған адаммын. Елімізді сыртқы жаудан, ішкі даудан қорғауды мақсат еткен әскери мамандар даярлауға қатыстым. Жас буынға әскери-патриоттық тәрбие беру – менің ғұмырымның бір бөлшегі іспетті. Мұндағы мақсатымыз не еді? Елдің бейбіт тіршілігі, тату-тәтті өмірі болатын. Дүниеде бейбітшіліктен асқан, тыныштықтан артық ешнәрсе жоқ. Тек бейбіт жерде ғана береке болады, — деді ардагер Ким Серікбаев.

митинг Алматы
Фото: Алматы әкімінің баспасөз қызметі

Ол әр адамның тағдыры өз қолында екенін, балалар үйінде тәрбиеленіп, жоқшылықты да, қиыншылықты да бір кісідей тартқанын, алдына мақсат қойып, аянбай еңбектеніп, соған жетуге тырысқанын, ерінбей еңбек еткен адамның алмайтын қамалы жоқ екенін айтты. Маңдайы терлеп, еңбектенген адамға Қазақстанда жұмыс та, табыс та бар екенін, немен айналысамын десең де мемлекет жол ашып отырғанын нақты мысалдар келтірді.

Бәріміз де «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», мемлекет басшысының жанынан табылуымыз керек. Nur Otan партиясының қарапайым халықтың қамын ойлаған елдік жобаларын іске асыруына барынша қолдау көрсеткеніміз жөн. Осындайда кейбіреулер, нақты айтсақ Әбілязов және оның жақтастары, шетелде отырып алып, елдің шырқын бұзғысы келеді. Біз мұндай арандатуға ешқашан жол бермейміз. Бізге елдігіміз, тыныштығымыз қымбат. Сондықтан да мұндай жат пиғылға арандап қалмайық, парасатты болайық. Әйгілі батыр Бауыржан Момышұлы «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген. Мемлекетіміздің заңын сақтайық. Ұсынып отырған мүмкіндіктерін пайдаланып, өзімізді де, елді де көркейтуге атсалысайық. Ата-бабамыздан мұраға қалған жер де, ел де өзіміздікі. Бізге сырттан келіп ешкім жұмақ орнатып бермейді. Бәрі де өз қолымызда. Сондықтан әрдайым ауызбіршілікте болайық. Тыныштығымызды сақтап, қол жеткен жетістіктерімізді әрі қарай арттыра берейік, — деді ардагер.

Митингіге жиналғандар Ким Серікбаевтың баталы сөзін қолдап, халық үшін тыныштық пен тұрақтылықтың, бірліктің айрықша маңызды, ерекше бағалы әрі қымбат екеніне басымдық берді. Елді бірлікке іріткі салушыларға жол бермеуге шақырды.