Бақытжан Сағынтаев Алматы тұрғындарына үндеу жасады

Бақытжан Сағынтаев қала тұрғындары алдындағы зор жауапкершілігін сезінетінін айтты.

Құрметті алматылықтар! Алматы — әрқайсымыздың жүрегімізден ерекше орын алған қала. Алматыға деген әр қазақстандықтың ықыласы ерекше. Бұл қала — менің жастығымның, кәсіби кемелденуімнің куәсі. Менің басты мақсатым — Алматыны әр тұрғын берекелі өмір сүретін қауіпсіз, қолайлы, заманға сай мегаполиске айналдыру. Қаланың проблемалары мен даму стратегияларын сіздермен ашық талқылағым келеді. Сіздермен тікелей байланыс орнату үшін Facebook, Twitter, Instagram желілерінде тіркелдім. Ақылдаса отырып, бірге жұмыс істейік!, — деді Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев әлеуметтік желідегі парақшасында.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 28 маусымда Бақытжан Сағынтаевты Президент Әкімшілігінің басшысы қызметінен босатты. Ол бұл қызметке 2019 жылдың 24 наурызында тағайындалған еді. Президент Әкімшілігінің басшысы қызметіне Қырымбек Көшербаев тағайындалды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қырымбек Көшербаевты  Қызылорда облысының әкімі қызметінен босатты.

Бұған дейін Алматы әкімі қызметін атқарған Бауыржан Байбек Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды.