Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Халық кеңесіне заңнамалық бастама құқығы берілді

Фото: Ақорда
Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Халық кеңесі туралы» конституциялық заңды бекітті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Жаңа заң бойынша, Қазақстан Халық кеңесі жоғары консультативтік орган мәртебесіне ие болады. Оның негізгі мақсаты – жалпыхалықтық диалогты дамыту және азаматтық қоғамның елдің ішкі саясатын қалыптастыру процесіне қатысуын қамтамасыз ету.

Халық кеңесіне бірқатар маңызды өкілеттік берілген. Атап айтқанда, орган заңнамалық бастама көтеруге және жалпыхалықтық референдум өткізуді ұсынуға құқылы.

Кеңес құрамына Қазақстан азаматтары арасынан 42 өкіл енгізіледі. Олар тепе-теңдік қағидаты негізінде этномәдени және қоғамдық бірлестіктерден, сонымен қатар астана, облыстар және республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттары мен қоғамдық кеңестерінен таңдалады. Кеңес мүшелерін президент бекітеді.

Халық кеңесінің жұмысына төраға жетекшілік етеді. Ал органның өкілет мерзімі төрт жыл болып белгіленген.

Ақорданың мәліметінше, жаңа институт азаматтардың мемлекеттік шешімдер қабылдау процесіне қатысуын кеңейтіп, қоғам мен билік арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған.