Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Құрылтайға мемлекеттік тілді білмейтін депутат төраға бола алмайды

Фото: Еlbasylibrary.gov.kz
Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық заңына қол қойды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Ақорданың мәліметінше, Конституциялық заң құрылтайды ұйымдастыру мен оның қызметін, заң шығару процесін және құрылтайдың өкілеттерін жүзеге асырудың өзге де нысандарын, оның депутаттарының құқықтық мәртебесін белгілейді.

Құрылтай – заң шығарушы билікті жүзеге асыратын ең жоғары өкілді орган. Құрылтай партиялық тізім бойынша сайланған 145 депутаттан тұрады. Құрылтай депутатының өкілет мерзімі – бес жыл.

Органды мемлекеттік тілді жетік меңгерген депутаттар арасынан жасырын дауыс беру арқылы көпшілік дауыспен сайланатын төраға басқарады.

Заңда құрылтай өкілеттерінің кең ауқымы, соның ішінде вице-президентті, премьер-министрді, конституциялық сот судьяларын, орталық сайлау комиссиясының, жоғары аудиторлық палатаның мүшелерін тағайындауға келісім беру, Қазақстан Республикасы президентінің ұсынуы бойынша жоғарғы соттың судьяларын сайлау және қызметтен босату, конституциялық соттың, жоғарғы соттың судьяларын қолсұғылмаушылық құқынан айыру, президент сайлауын тағайындау, үкімет пен жоғары аудиторлық палатаның республикалық бюджеттің орындалуы туралы есептерін бекіту айқындалады, – делінген Ақорданың хабарламасында.