— Aldaspan тобы қалай құрылды?

Шамшаддин Омаров:

— Aldaspan 2012 жылы құрылды. Топты құру продюсеріміз Нұржан Тойшының идеясы болатын. Нұржан рок-музыканы тыңдап, сонымен әуестенген. Бірақ кәсіби музыкант емес. Мамандығы — экономист. Рок-музыка гитараның қағысымен ерекшеленеді. Қазақтың күйінде де аттың шабысы, түрлі қағыс бар. Продюсерімізге «мұндай ерекшелік қазақ күйлерінде де кездеседі ғой» деген ой келеді. Cөйтіп 2011 жылы қаржы тауып, идеяны іске асырды.

Шамшадин Омаров
Шамшаддин Омаров. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Дәстүрлі ән мен күйді рокқа, эстрадаға салып, танытып келеміз. Қазақ ұлттық консерваториясында білім алдық. Дәстүрлі музыканы жетік меңгерген соң өзімізді осы бағытқа арнадық. Халық бізді өнерімізбен дәл қазір танымаса да, кейінгі ұрпақ біледі деген үмітіміз бар. Біздің жанр тойға шығып, ақша табуға келмейді. Егер бізге ақша табу мақсат болса, домбыраны тастап, тойға шығуымыз керек еді. Бұл бағытта тек ішкі қалауымызды қанағаттандыру үшін жүрміз. Алғашында көп қарсылыққа тап болдық. Өйткені қоғамда жаңадан пайда болған әр дүние халыққа ұнамай бермейді ғой. Мұндай жаңа нәрсені көбі қабылдай алмады.

Мақсат Хасанов, Шамшадин Омаров
Шамшаддин Омаров. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

— Этнотоптар қандай проблемаға жиі кезігеді? Оны қалай шешесіздер?

Мақсат Хасанов:

— Проблема көп, кез келген нәрсе ақшаға келіп тіреледі. Көптің алдына шығып, мүмкіндігімізді көрсететін фестивальдерге қаржының тапшылығынан бара алмай жатамыз. Клип түсіргенде де қиналамыз. Бірақ осы күнге дейін демеуші іздеп, ешкімге жағымпазданбадық. Топ алғаш құрылғанда меценат Ізбасар Бозаев көп көмектесті. Өкінішке қарай, ол кісі өмірден өтті.

Көп альбомды, клипті өз қаржымызға дайындадық. Соңғы шыққан «Нала» атты туындыны жас клипмейкерлермен бірге түсірдік. Осы жұмысты дайындап болған соң клиптің қымбат бағаға түсірілуі міндет емес екенін түсіндік. Идеясы болса, халыққа түсінікті болса, жеткілікті. Енді топпен жылына кем дегенде бір клип түсіреміз деп жоспарлап отырмыз.

— Қазіргі эстрада туралы не ойлайсыздар?

Мақсат Хасанов:

— Эстраданы жамандаудан аулақпыз. Дәстүрлі музыканы насихаттап жүрсек те, эстраданы тыңдаймыз. Қазіргі әндердің дыбысы да, аранжировкасы да, клипі де керемет. Бірақ осыған дейін мұның бәрін басқа ұлт жасап қойды. Біздікі тек көшірме сияқты. Мысалы, түрік эстрадасын тыңдасаңыз, таза түрік өнерінің «исі» шығып тұрады. Өзбек эстрадасынан өзбектің нақышы білінеді. Ал қазақ эстрадасынан орыстың да, ағылшынның да, тағы басқа өзге ұлттың қоспасын байқаймыз. Біздің әншілер төл мәдениетімізді емес, өзге елдің мәдениетін дамытып жүргендей әсер қалдырады.

Шамшадин Омаров
Шамшаддин Омаров. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

— Дәстүрлі өнерді насихаттап жүрген топтардың арасында бәсеке бар ма? Олар кімдер?

Мақсат Хасанов:

— Дәстүрлі музыканы дамытуға бір жағынан бәсеке жетпейтін сияқты. Этнотоптар мемлекеттің имиджіне айналып, қолдауына ие болуы керек деп есептейміз. Өйткені біз ешкімнің көшірмесін жасап жатқан жоқпыз, ұлттық өнерімізді насихаттап жүрміз.

Этно-рок бағытында өнер көрсетіп жүрген «Ұлытау», «Тигрохауд» деген топтар бар. Көбі бізді «Ұлытаумен» салыстырып жатады. Бірақ екі топты салыстыруға келмейді. Өйткені «»Ұлытаудың» орны бөлек. Бұл топ Қазақстанның брендіне айналды. Бірақ «Ұлытауда» ән жоқ. «Тигрохаудта» ән бар, бірақ аранжировкасы ескі, заманауи емес. Ал бізде күй де, ән де бар. Соңғы шыққан әндерімізге рэп те қостық. Өйткені бұл жастарға ұнайды. Сондықтан заманнан қалып кетуге болмайды.

Егер бізді шетелге шақырып жатса, оларға көрсететін екі сағаттық концертіміз дайын. Классикалық рокты, 90-жылдардағы рокты, Linkin Park стилін де, қазақ әндерін де көрсете аламыз. Қазақстанда да концерт беруді үнемі ойлаймыз. Бірақ көп адам жинала қоймайтынын білеміз. Сондықтан әзірше тәуекел етпедік.

Шамшадин Омаров
Шамшаддин Омаров. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

— Репертуарды қалай таңдайсыздар?

Шамшаддин Омаров:

— Топпен ақылдасып, идеяны ортаға саламыз. Топтың репертуарындағы әннің көбін өзім жазамын. Кейде түнде ұйықтап жатқанда ойға әуен келеді. Сондай кезде дереу диктофонды қосып, ұйқылы-ояу әуенді жазып аламын. Таңертең тұрып тыңдасам, ештеңе түсініксіз. Әуен кейде тамақ ішіп жатқанда, далада жүргенде келеді.

Қазірге дейін Aldaspan-ның жеті альбомы жарық көрді. Алғашқы үш альбом бірінен соң бірі қатар шықты. Ол кезде қосымша дыбыссыз жазып шықтық. Ал кейінгі альбомдарды жазғанда оған түрлі электрон дыбыстарды қостық.

Мақсат Хасанов, Шамшадин Омаров
Мақсат Хасанов, Шамшаддин Омаров. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

— Электродомбыра мен акустикалық домбыраның қандай айырмашылығы бар?

Мақсат Хасанов:

— Акустикалық домбыра көнеден келе жатқан күйді, әнді толық бере алады. Бірақ мұндай домбыраның кемшілігі — үлкен концертте қанша жерден микрофон қоссаңыз да, дыбысы әлсіз болады. Әсіресе, оған ұрмалы аспаптар қосылған кезде домбыраның дыбысы мүлдем шықпай қалады. Ал электродомбыра дыбысты жеткізу жағынан ыңғайлы. Электродомбырамен күйді ғана емес, замануи жанрдағы музыканы да орындауға болады және дыбысы да сапалы шығады. Бірақ бұл таза дәстүрге жатпайды.

Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

— Гастрольмен қандай қалада болдыңыздар? Қай жердегі концерт ерекше әсер етті? Шетелде сіздерді қалай қабылдайды?

Шамшаддин Омаров:

— Уфада болдық. Түркі тілдес халық болған соң, бір-біріне ұқсас болған соң бәрі таңғалып жатады. Әсіресе, музыкалық аспаптарға таңданады. Алыс шетелге әлі шыққан жоқпыз. Бірақ бізді интернет арқылы көріп, пікір жазып тұратындар бар. Шетелге барған өзге топтардан жылы қабылдады деп естіп жатамыз. Олар рокқа да, эстрадаға да әбден тойған, ештеңе қызық емес. Сондықтан біздің музыка оларға жаңалық, экзотика болып көрінеді. Бізді шетелде өтіп жатқан көп фестивальге шақырды. Бірақ барып-келу шығынын өз қалтамыздан төлейтін болған соң әзірше мұндай ұсыныстардан бас тартып жатырмыз.

— Сұхбаттарыңызға рақмет!

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!