Өскемендегі қоғамдық көліктерді электрон билет жүйесіне ауыстырып жатыр. Бүгінде екінші рет конкурс жарияланып, жобаны жүзеге асыруға ниетті компаниялар анықталып жатыр.
Алғашқы конкурс 2018 жылдың желтоқсан айына белгіленген, алайда өтінімдердің жоқтығынан ол өтпеген. Екіншісі биыл мамырдың соңында жарияланды. ШҚО Мемлекеттік-жекеменшік әріптестігінің аймақтық орталығының басқарма төрағасы Шәкәрім Бұқтұғұтовтың айтуынша, конкурсқа отандық кәсіпорындардан бөлек Ресей мен Беларусьтің компаниялары да қызыққан. Осы басқармамен іске асырылатын жобаның жалпы құны 1 миллиард теңгеден асады. Бұл шығынның 70%-ы инвесторлардың қаржысы есебінен, қалғаны облыс бюджетінен өтеледі.
Электрон билетке көшу – табыстың көзі. Алматыда осы жүйенің көмегімен тасымалдаушылардың кірісі төрт есеге өскен. Бізде де солай болуға тиіс. Нәтижесінде қызмет сапасы арта түседі, ‒ деп түсіндірді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов.
Мамандардың айтуынша, бұл жүйе алдымен облыс орталығындағы 28-трамвайға орнатылмақ. Содан кейін қала ішінде жолаушылар тасымалдайтын 558-автобуста іске қосылады. Жолаушылар жол ақысын төлем картасы арқылы төлейді. Өскемен қаласы үшін 100 мыңнан астам төлем картасын шығару көзделіп отыр.
Жаңа жүйенің енгізілуімен билет бағасы қымбаттамайды және кондукторлар жұмыссыз қалмайды.
Қуан Сейіт
Шығыс Қазақстан облысы
