ҚР ІІМ Нұр-Cұлтан мен Алматыда болған митингілерге қатысты пікір білдірді

ҚР ІІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, тыйым салынған ұйым белсенділерінің іс-әрекеті нәтижесінде бірқатар азамат еліміздің заңдарын бұзды және ол үшін жауапқа тартылды.

9 маусымда екі қалада 500 адам ұсталып, олардың 400-не айыппұл салынды. Екінші күні шамамен 200 адам полицияға жеткізілді, олардың 150-і жауапкершілікке тартылды. Бұл екі қала бойынша, — деді ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз.

Сондай-ақ, ІІМ баспасөз қызметіндегілер Нұр-Сұлтан мен Алматыда өткен митингілерге қатысты пікір білдірді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, полиция, Ұлттық гвардия мен ІІМ бөлімшелері Президент сайлауы кезінде азаматтардың еркін дауыс беруіне жағдай жасап, қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті сақтап тұрды. 9 903 сайлау учаскесінің ешқайсысында қоғамдық тәртіп бұзылған жоқ. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматыда сот тыйым салған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) экстремистік ұйымының белсенді жақтастары өздерінің шетелдік басшыларының нұсқауымен сайлау кезінде қоғамдық жағдайды тұрақсыздандыру үшін заңсыз митингілер ұйымдастырды. ҚДТ белсенділері әлеуметтік желілерді пайдаланып, жаппай насихат жүргізу нәтижесінде азаматтарымыздың көп бөлігін тартты, оларды заң бұзуға итермеледі, — дейді ведомствоның баспасөз қызметі.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан мен Алматыда болған митингілерге қатысты пікір білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев кейбір азаматтардың өздерін лайықсыз ұстап, полиция қызметкерлерін арандатқанын және нәтижесінде оларға қатысты қажетті шаралардың қолданылғанын айтты. Сондай-ақ, Президент өз қызметін кәсіби тұрғыда атқарған полиция қызметкерлеріне алғыс айтты.