Нұрділдә Ораз ҚР Бас прокуратурасы аппарат басшысының орынбасары болып тағайындалды

«Маған жүктелген басты міндеттердің бірі — қоғаммен байланыс, ақпарат саласын дамыту және идеологиялық тетіктерді күшейту арқылы xалықтың прокуратураға сенімін арттыру. Журналистикадағы 7 жыл, құқық қорғау органдарындағы 7 жыл тәжірибем мен шетелден алған білімім бұл саланы да қиындықсыз алып кетуге септігін тигізеді деген ойдамын», — деді Нұрділдә Ораз.

Нұрділдә Серікұлы 1981 жылы дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, ҚР ІІМ Қарағанды академиясын бітірген. Еңбек жолын Алматыдағы «ЮСА» телеарнасының тілшісі болып бастаған. «31 арна» телеарнасы «Информбюро» жаңалықтар бөлімінің жүргізушісі, «Астана» телеарнасының редактор-жүргізушісі, репортер-сарапшысы, «Қазақстан» ұлттық арнасының жаңалықтар жүргізушісі, «Апта.kz» бағдарламасының жүргізуші-редакторы болған.

2007 жылы ішкі істер органына ауысып, Астана қалалық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің бастығы, мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің бастығы, департамент бастығының баспасөз хатшысы қызметтерін атқарды. 2011-2015 жылдары — ҚР Ішкі істер министрлігі Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры министрдің баспасөз хатшысы, кейіннен ресми өкілі. 2015 жылдан «Болашақ» бағдарламасы бойынша АҚШ-та білім алуда.

ДереккөзҚазАқпарат