Соңғы уақытта менингит ауруы елімізде кең таралып жатыр. Оған себеп не? Аурудың қалай алдын алуға болады? Менингит ауруына шалдыққан адам айыға ала ма? Толығырақ материалымызда.

Менингит — халық арасында көп таралған дерт. Өте қатерлі ми ауруы. Бұл ауруға көбіне балалар тез шалдығады. Менингит басқа аурулардың, яғни шешек, мысқыл (шықшыт безінің қабынуы), көкжөтел немесе құлақтың қабынуы сияқты аурулардың асқынуынан болады. Бұрындары бұл аурудың емі табылмағандықтан, менингитке шалдыққан адам ұзақ өмір сүрмеген екен. Ең алғаш рет оған қарсы емдiк препаратты 1887 жылы А. Вейксельбаум ойлап тапқан болатын. Бүгiнгi таңда жетiлген медицинаның көмегiмен күн санап айығып жатқан адамдар саны артып келедi.

Менингит қалай жұғады

Менингит — тұмаудан толық жазылмаған жағдайда, тазалық сақталмаған жерде, көп адам жүретін жерде,  кейде денеге түскен жарақаттан, құрт ауруынан және іш сүзегінен пайда болады. Көбiне суықтан пайда болатын ауру ми мен жұлынның жұмсақ қабықтарының қабынуынан туындайды. Сонымен қатар менингит бактериясы жөтелу кезiнде ауа арқылы жұқпалы түрге алмасады. Мұрынға түскен бактерия жұлынға жетiп, қан айналымына енiп, қоздырғыштарды күшейтедi. Менингиттiң жұқпалы түрiне шалдыққан адамнан ауру жан жақа тез таралады. Сонымен қатар менингит адамның жүйке жүйесiне қатты әсер етiп, нәтижесiнде бұл ауруға шалдыққандардың 20% өз өмiрiмен қоштасады.

Аурудың алғашқы белгілері

Ауру екi түрге бөлiнедi. Жедел және созылмалы болатын бұл аурудың ең күрделiсi мида iрiңдi түрде болатын менингиальдық синдромы. Менингит — құрт ауруының түрi — науқастан әл кетiп, шаршап, тез терлеп, дене қызуы көтерiлiп ұзақ уақыт жүредi. Бас сүйек iшiндегi қан қысымы ұлғайғанда барып анықталады.

Аурудың алғашқы белгiлерi — ауру жұққаннан кейiн 10-12 күннен соң ағзада бас ауру, лоқсу, ауыз құрғап, қызу көтерiлу, дауыс қарлығып, өңi бозару секiлдi инкубациялық кезең өтiп, денеде қызғылт түстi дақтар пайда болады. Дене қызуы 40 градусқа жоғарылап, бұлшық еттері қысыла бастайды. Дер кезiнде емделмесе көп жағдайда мүгедек болып қалуы да мүмкiн. Жарыққа қарай алмай, қатты дауыстан қорқып, есiнен адаса бастайды. Бұл белгi iрiңдi менингитті білдіреді.

Белгілері:

  • Жоғары температура;
  • Бастың қатты ауыруы;
  • Мойынның шалқаюы. Баланың өңі кірмейді, сұлық жата береді, басы мен мойынын артқа шалқайтып ұстайды.
  • Бір жасқа дейінгі баланың еңбегі көтеріледі (томпайып кетеді);
  • Құсу;
  • Кішкентай балаларда менингиттің алғашқы кезеңінде анықтау қиын. Бала түсініксіз жағдайда, тіпті анасы емізгенде де жылай береді («менингит жылауы») немесе бала ұйықтай береді;
  • Кейде талып қалады да, дене қозғалысы бір түрлі болып өзгереді;
  • Баланың жағдайы бірте-бірте нашарлай бастайды;

Емдеу жолдары

Жоғарыда айтылған белгілер пайда болған жағдайда бірден жедел жәрдем шақыртыңыз. Мүмкіндік болса науқасты тез арада ауруханаға жеткізіңіз. Менингиттен айығуға болады. Бірақ мүмкіндік өте аз. Дәрігерге дер кезінде қаралып, қажетті емді қабылдаған кезде менингит аурын жеңіп шығуға болады.

Алдын алу жолдары

  1. Туберкулезбен ауыратын анадан туған балалар кейде туғаннан кейінгі алғашқы айларда туберкулез менингитімен ауырады. Жаңа туған сәбиде болатын туберкулездік менингиттің алдын алу үшін сәбиге туған кезінде арнаулы вакцина егілуге тиіс;
  2. Бір жыл немесе одан да кішкентай балалар үшін ішуге бөтелкедегі немесе қайнатылған су берген жөн. Өйткені суда көптеген бактериялар мен вирустар болуы мүмкін;
  3. Тұрып қалған су объектілерінде балаларды шомылдырмау қажет: көлдер, су қоймалары және басқа да орындар. Мұндай орындарда міндетті түрде бактериялар болады;
  4. Жеміс-жидек пен көкөністерді пайдаланудан бұрын тазалап жуу қажет. Ет және балықты мұқият пісіріңіз;
  5. Жеке бас гигиенасын сақтаңыз. Көшеден келгенде, дәретханадан соң, мұқият түрде қолыңызды сабындап жуу керек;
  6. Өзіңіздің және балаңыздың иммунитетін күшейтіңіз. Дәрумендер қабылдап, таза ауада серуендеңіз;

Осы нұсқауларды орындаған жағдайда менингиттің алдын алуға болады.