Ғалымдар адам терісінде болатын мең мен қалдың 300-ден астам түрін анықтаған. Оның бірі туабітті, бірі жүре пайда болады.
Сандуғаш Болысбекованың айтуынша, адам денесіндегі қал денсаулыққа зиян емес. Бірақ оның назар аударуды қажет ететін түрлері бар. Мысалы, меланома — қалыпты жағдайда теріде орналасатын және Күннің ультракүлгін сәулесі әсерінен меланоциттердің шектен тыс бөлінуінен болатын қатерлі ісік.
«Меланома» — melanos, «қара», «қоңыр» деген мағынаны білдіреді. Ісік көбіне теріде және ауыздың кілегей қабатында, әйелдің жыныс мүшесінде, асқазан-ішек жолында, көз алмасында болуы мүмкін. Сонымен бірге меланома жаңа қал болып та түзіледі. Ол қара түсті, өзгеше болуы мүмкін. Соған ұқсас зат денеңізде пайда болса, дерматовенеролог дәрігерге қаралғаныңыз жөн, — дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан бойынша филиалы медициналық қызметтер сапасын бақылау бөлімінің басшысы Сандуғаш Болысбекова.
Меланоманың алғашқы белгісі: денедегі қалдың өлшемі, пішіні, түсі өзгеріп және сезімтал бола бастайды, қалдың жанында жаңадан қара түсті аймақ пайда болады және оның үстінде қабыршақ түзіліп, қышиды. Ол жарақаттан, жыныстық жетілу кезінде гормондардың шектен тыс көп бөлінуінен әдетте адамның туабітті пигментінде пайда болады.
Меланоманы болдырмау үшін Күнге көп қыздырынбау керек, — дейді маман.
Нұр-Сұлтандағы онкологиялық орталықтың мәліметінше, елордада осы жылдың 1-тоқсанында «терідегі қатерлі ісік» диагнозы бойынша 961 науқас тіркелген. Оның 117-сіне меланома диагнозы қойылған.