Жаз мезгілінің келуімен велосипед пен электрсамокат пайдаланушылар саны артатынына байланысты полиция жол қозғалысына қатысушыларға қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды ескертті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, жолға шығар алдында қорғаныш дулығасын киіп, көлік құралдарының техникалық жағдайын тексеру маңызды. Тежегіш жүйесі, руль, дөңгелектер мен жарық беру құрылғылары толық жұмыс істеуге тиіс.
Сонымен қатар велосипедшілерге арнайы веложолақтармен қозғалып, жол белгілері мен бағдаршам талаптарын сақтау ұсынылады. Жаяу жүргіншілер өткелінен өту кезінде велосипедтен түсіп, жолды жаяу кесіп өту қажет.
Полиция өкілдері қозғалыс кезінде телефон қолдану, құлаққап тағу және қауіпті маневрлер жасау жол-көлік оқиғаларына себеп болуы мүмкін екенін ескертті.
Құзырлы орган азаматтарды жолда мәдениетті сақтауға, өз өмірі мен айналасындағылардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырды.
