Нұрсұлтан Назарбаев жасыл экономиканы дамыту жұмысымен танысты

Тұңғыш Президент орталықта тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу саласына озық технология енгізу және осы салаға инвесторлар тарту мәселелеріне көңіл бөлуді тапсырды.

Нұрсұлтан Назарбаев
Нұрсұлтан Назарбаев жасыл технологиялар орталығында. Фото: Аkorda.kz

Нұрсұлтан Назарбаев Жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалар халықаралық орталығына барды.

Елбасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Тұңғыш Президент орталықтың жасыл экономиканы дамыту мен қоршаған орта қауіпсіздігін сақтау саласындағы жұмысының негізгі бағыттары жөнінде мәлімет алды. Сонымен бірге Нұрсұлтан Назарбаевқа жел, Күн, су және геотермия ресурстарының әлеуеті, қатты тұрмыстық қалдықтар мен биомасса полигондарының орналасуы туралы ақпаратты қамтитын цифрлық алаңның үлгісі таныстырылды.

Нұрсұлтан Назарбаев жасыл технологиялар орталығында
Нұрсұлтан Назарбаев жасыл технологиялар орталығында. Фото: Аkorda.kz

Нұрсұлтан Назарбаев экология қауіпсіздігін қамтамасыз ету, елімізде жаңартылатын энергия көздерін дамыту, қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу саласына озық технология енгізу және осы салаға инвесторлар тарту қажет екенін айтты.

Тұңғыш Президент еліміздегі жоғары оқу орындарының жаңартылатын энергия көздері саласындағы перспективалы әзірлемелерімен де танысты.

“Жасыл технологиялардың және инвестициялық жобалардың халықаралық орталығы” коммерциялық емес акционерлік қоғамы EXPO-2017 көрмесінің инфрақұрылымы негізінде 2018 жылдың сәуір айында құрылды.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!