Мәскеудегі әуе апаты: Нұрсұлтан Назарбаев Владимир Путинге көңіл айтты

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеу әуежайындағы қайғылы жағдайға байланысты Ресей Президентіне көңіл айтты.

Елбасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Нұрсұлтан Назарбаев «Шереметьево» әуежайында жолаушылар ұшағының өртенуі салдарынан адамдардың қаза болғаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдады.

Қаза болғандардың туыстары мен жақындарына, сонымен бірге бүкіл Ресей халқына көңіл айтамын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін, — делінген Владимир Путинге жолданған жеделхатта.

5 мамыр күні Мәскеуден Мурманскіге бағыт алған Sukhoi Superjet 100 ұшағы көкке көтерілгеннен кейін 28 минуттан соң әуежайға қайтадан оқыс қонды. Қону кезінде көліктің тіреулері сынып, двигателі өртенген. Ұшақтағы өрт салдарынан 41 адам қаза тапты.

Еске салайық, бұған дейін трагедияға байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев көңіл айтқан еді.