Қуандық Бишімбаев азық-түлік бағасының өсу себептерін атады

Министрліктің мәліметіне сәйкес, соңғы сегіз айдың ішінде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы 9 пайызға өскен. Ал қант, күнбағыс майы және тағы басқа жиі тұтынатын өнімдердің құны 20-30 пайызға көтерілгені байқалды.

«Біз зерттеу жүргізіп, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасына әсер ететін негізгі себептерді анықтадық. Біріншіден, әлемдік экономикадағы жағдай және теңге құнының құлдырауы импортқа тәуелді тауарлардың бағасына кері әсерін тигізді. Екіншіден, табиғи монополиялар қызметінің қымбаттауы. Жанар-жағар май мен электр энергия бағасының көтерілуі азық-түлік бағасына да әсер етті. Үшіншіден, жыл сайын кейбір тауарлардың қоры таусылып жатады. Сонда мамыр мен тамыз аралығында бағаның көтерілуі тіркеліп жатады. Төртіншіден, Ресей мен Қырғызстан сияқты көрші елдерде кейбір өнімдердің бағасы жоғары болғаннан кейін тауарлар сол жаққа көптеп сатылады. Соның салдарынан тапшылық туындайды», — дейді Қ.Бишімбаев.

Үкімет басшысы болса, алып-сатарлар арасындағы бағаны келісіп алу әрекеттерін жіті бақылауда ұстау қажеттігін жеткізді.

«Сонымен қатар, тағы бір маңызды міндет – алып-сатарлар, бөлшек пен көтерме саудагерлері тарапынан бағаны көтеруге байланысты кез келген келісімдерді алдын алу және оны болдырмау», — деп атап көрсетті Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев.