2019 жылдың 1-тоқсанында елімізде бір жұмысшының орташа айлық жалақысы 168,5 мың теңге болды, көрсеткіш бір жылда 10,5%-ға артқан. Бұл туралы Ranking.kz зерттеуінде айтылады.

Инфляцияны ескергенде қазақстандықтар жалақысының сатып алуға жарамдылығы 5,2%-ға өскен, бұл — соңғы жылдардағы рекорд көрсеткіш. 2018 жылдың 1-тоқсанында орташа айлық жалақы 152,4 мың теңге болды, көрсеткіш бір жылда 8,7%-ға, жалақының сатып алуға жарамдылығы 2%-ға артқан еді.

2019 жылдың алғашқы тоқсанында ең жоғары орташа айлық жалақы Атырау облысында тіркелді: 322,7 мың теңге (былтырғыдан 15,2%-ға көп), бұл орташареспубликалық деңгейден 154,7 мың теңгеге жоғары.

Жалақы шамасы жөнінен екінші орында Маңғыстау облысы тұр: 287,9 мың теңге (былтырғыдан 2,1%-ға көп). Бір жыл бұрын ең жоғары орташа айлық жалақы осы өңірде тіркелген.

Орташа айлық жалақысы жоғары өңірлердің үштігіне Нұр-Сұлтан да кіреді: 233,5 мың теңге (былтырғыдан 4,4%-ға көп).

Жалақы деңгейі ең төмен өңір — Түркістан облысы: 109 мың теңге — республика бойынша орташа көрсеткіштен 1,5 есе аз.

Ranking.kz мамандарының мәліметінше, ең жоғары жалақы қаржы және сақтандыру саласы жұмысшыларында: 323 мың теңге, жылдық өсім — 8,1%. Екінші орында кәсіби, ғылыми, техникалық қызмет саласы: 296,3 мың теңге, жылдық өсім — 16,2%. Үшінші орында ақпарат және байланыс саласы: 253 мың теңге, жылдық өсім 16,1%.

Бір жыл ішінде айтарлықтай өсуі жағынан ауыл, орман және балық шаруашылығы жұмысшыларының жалақысы да көзге түсіп отыр: 93,2 мың теңге, бір жылда 16,4%-ға көбейген. Ең төменгі орташа айлық жалақы денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер саласы (115,8 мың теңге) мен білім беру саласында (109,9 мың теңге) да тіркеліп отыр. Бірақ денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер саласында айлық жалақы бір жылда 13,8%-ға, білім беру саласында бір жылда 15,1%-ға өскен.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!