Басты бетҚоғамДания Еспаева...

Дания Еспаева президенттікке кандидат ретінде төртінші болып тіркелді

ҚР Орталық сайлау комиссиясы «Ақ жол» демократиялық партиясы» қоғамдық бірлестігі атынан президенттікке ұсынылған Дания Еспаеваны кандидат ретінде тіркеді. Бұл туралы ОСК баспасөз қызметі хабарлады.

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Зәуреш Баймолдинаның мәліметінше, кандидатты тіркеу үшін оның кірістер мен мүлік декларациясын тапсырғаны туралы анықтама, оны тіркеуге кедергі келтіретін аурулардың жоқтығы туралы медициналық қорытынды және облыстық, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент сайлау комиссияларының президенттікке кандидатты қолдайтын азаматтардың қолын тексеру нәтижелері туралы хаттамалары ұсынылды.

Дания Еспаеваны қолдау үшін Қазақстанның барлық 17 өңірінен 144 098 азаматтың қолы жиналған, оның 139 541-і рас деп танылды.

Дания Еспаеваны президенттікке кандидат ретінде тіркеуге қажет барлық құжат Орталық сайлау комиссиясына ұсынылды және оларға қойылатын талаптарға толық сәйкес келеді. Жоғарыда баяндалғанның негізінде «2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында Дания Мәдиқызы Еспаеваны Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат ретінде тіркеу туралы қаулы қабылданды, — деп хабарлады ОСК баспасөз қызметі.

Қаулы бойынша Дания Еспаеваға президенттікке кандидаттың куәлігі берілді. Айта кетейік, ол — Орталық сайлау комиссиясы президенттікке кандидат ретінде тіркеген төртінші адам. Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев, Сәді-Бек Түгел және Амангелді Таспихов кандидат куәлігін алды.