Қасым-Жомарт Тоқаев президенттікке кандидат ретінде ресми тіркелді

ҚР Орталық сайлау комиссиясы Қасым-Жомарт Тоқаевты кандидат ретінде тіркеу туралы қаулы қабылдады. Тиісті құжат комиссияның ресми сайтында жарияланды.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңының 12-бабының 8-тармақшасына, 59-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы қаулы етеді: Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат ретінде тіркелсін. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттың куәлігі берілсін, — делінген қаулыда.

Қаулы бойынша Орталық сайлау комиссиясы аппаратының бюджетті жоспарлау және атқару бөлімі «Қазақстан Халық жинақ банкі» акционерлік қоғамына арнаулы уақытша шот ашу үшін Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттікке кандидат ретінде тіркелгені туралы мәліметтерді ұсынуы керек.

ОСК өкілдерінің хабарлауынша, кандидат талап етілетін барлық құжатты ұсынған. Сонымен бірге оны қолдауға Қазақстанның барлық 17 өңірінен 315 910 азаматтың қолы жиналды, олардың 313 653-і дұрыс деп танылды. Айта кетейік, талап етілетін қол саны — 118 140.

Президенттікке кандидаттарды тіркеу 11 мамыр күні сағат 18.00-ге дейін жалғасады. Содан кейін 8 маусымға дейін сайлауалды үгіт-насихат басталады.