2019 жылдың қаңтар-наурыз айларында қазақстандықтардың халықаралық аударым жүйелері арқылы шетелден алған қаражатының көлемі 83,4 миллиард теңге болды. Бұл былтырғы қаңтар-наурызға қарағанда 40%-ға көп. Транзакция саны 371,9 мыңға дейін, яғни 24,1%-ға өсті. Бір аударымның орташа чегі 198,8 мың теңгеден 224,3 мың теңгеге дейін көбейген.

Ranking.kz сарапшыларының мәліметінше, жалпы 2018 жылы Қазақстанға аударылған ақша көлемі 362 миллиард теңгеге жетті (өсім 18,2%). Транзакция саны 1,5 миллионға, яғни 10%-ға артты. Аударымдардың орташа чегі 238,8 мың теңгеге, яғни 7,5%-ға көбейді.

2019 жылдың қаңтар-наурызында Қазақстанға аударылған қаражат көлемі жағынан Ресей алда тұр: 36 миллиард теңге — былтырғыдан 36,3%-ға көп. Транзакция саны 23,8%-ға немесе 186,7 мыңға көбейді. Орташа чек 175,4 мыңнан 193 мың теңгеге дейін өсті. Жалпы ақша аударымдарының ішінде Ресейден келетін қаражат көлемінің үлесі — 43,2%.

Айта кету керек, Ресей ақпарат құралдарының хабарлауынша, 2019 жылдың 16 сәуірінен бастап көрші федерация 4 елге ақша аударуға лимит енгізді, оның арасында Қазақстан да бар. Ресейдің ірі төлем жүйелері Қазақстанға ақша аудару көлемін шектеді: Contact жүйесі айына 600 мың рубльге дейін, «Золотая корона» 150 мың рубльге дейін, Western Union 100 мың рубльге дейін. Шектеу мөлшерін теңгемен есептегенде айына 591 мың теңгеден 3,5 миллион теңгеге дейін болады.

Қазақстанға ақша аудару көлемі жөнінен екінші орында Корея Республикасы тұр: 15 миллиард теңге — былтырғыдан 72,7%-ға көп. Транзакция саны 39,3 мыңға немесе 58,5%-ға көп. Орташа чек 351,3 мың теңгеден 382,9 мың теңгеге дейін өскен. Қазақстанға аударылатын жалпы қаражат көлемінің 18%-ы Кореядан жөнелтілетін ақшаға тиесілі.

Қазақстанға Өзбекстан (жалпы аударымдардың 8,5%-ы), Қырғызстан (7,8%), АҚШ (4,4%), Германия (3,3%), Түркия (2,1%), Тәжікстан (1,3%) және БАӘ (1,1%) елдерінен де ақша көп аударылады.

Қазақстан аумағына қаражаттың көбі «Золотая корона» төлем жүйесімен аударылған. Одан кейінгі орындарда Western Union мен MoneyGram.

Еске сала кетейік, 2019 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша ҚР Ұлттық банкі 20 төлем жүйесін маңызды жүйе ретінде реестрге енгізген. Ресейдің «Золотая коронасы» үздік үштікке енеді.

Тағы да оқыңыз: Қазақстаннан қай елдерге ақша көп аударылып жатыр?

(Иллюстрация: Dribbble.com ©Folio Illustration Agency)