Қазақстаннан қай елдерге ақша көп аударылып жатыр?

2019 жылдың қаңтарында Қазақстаннан шетелге ақша аудару жүйелері арқылы 37,9 миллиард теңге жөнелтілген, бұл былтырғы қаңтарға қарағанда 6,1%-ға көп. Бұл туралы Ranking.kz зерттеуінде айтылады.

Ақша аудару жүйелері арасынан қаражат «Золотая корона» арқылы көп аударылған: 26,3 миллиард теңге — 2018 жылдың қаңтарына қарағанда 35,9%-ға көп. Осы жүйенің үлесі 54,1%-дан 69,4%-ға артқан.

Екінші орында — Western Union: 6,2 миллиард теңге, былтырғы қаңтарға қарағанда 19%-ға аз. Жүйенің үлесі 21,3%-дан 16,2%-ға азайған.

Қазақстандықтар көп қолданған ақша аудару жүйелерінің алғашқы үштігіне «Юнистрим» де кіреді. Бұл жүйемен 2 миллиард теңге аударылған, бұл былтырғы қаңтармен салыстырғанда 37%-ға аз. «Юнистримнің» ақша аудару жүйелері арасындағы қолданылу үлесі былтырғы 8,8%-дан 5,2%-ға азайған.

2019 жылдың қаңтарынан бастап «Қазпошта» АҚ байланыс операторы «Юнистрим» жүйесімен бірге қазақстандықтарға 0%-дық жаңа тарифпен халықаралық ақша аударымдарын іске асыруға мүмкіндік беріп отыр. Ақша аударушы қаражат жөнелтілетін елге қарай қай валютаны қолдану керектігін өзі таңдайды.

Биылғы қаңтарда Қазақстаннан жөнелтілген ақша аударымдарының көлемі жағынан Ресей көш бастап тұр: 14,7 миллиард теңге, бұл былтырғы қаңтарға қарағанда 0,9%-ға көп. Екінші орында — Өзбекстан, 4,8 миллиард теңге (2018 жылдың қаңтарындағыдан 30,7%-ға көп), үшінші орында — Түркия, 4,8 миллиард теңге (2018 жылдың қаңтарындағыдан 54,4%-ға көп). Одан кейінгі орындарда Қырғыз Республикасы, Қытай, Әзірбайжан, Украина, Тәжікстан, Армения және Грузия тұр.

(Иллюстрация: Dribbble.com ©Liza Otchenashenko)