Түркияның үш ірі компаниясы бизнесін Қазақстанда дамытуға мүдделі

Нұрсұлтан Назарбаев Түркияда «Коч Холдинг», «Йылдырым групп» және «Ояк Холдинг» компанияларының басшыларымен кездесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

«Коч Холдинг» компаниясының басқарма төрағасы Али Йылдырым Кочпен кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту және Қазақстанда инвестициялық жобаларды іске асыру перспективаларын талқылады.

Али Йылдырым Коч
Нұрсұлтан Назарбаевтың Али Йылдырым Кочпен кездесуі. Фото: Аkorda.kz

Али Йылдырым Коч қорғаныс өнеркәсібіндегі және экономиканың басқа да өндіріс салаларындағы жобаларды жүзеге асыруға мүдделілік танытты.

Мемлекет басшысы «Йылдырым групп» компаниясының басқарма төрағасы Роберт Юксел Йылдырыммен де кездесті. Келіссөз барысында Қазақстан Президенті мен түрік кәсіпкері хром өндіру және химия өндірісі салаларындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

Роберт Юксел Йылдырыммен
Нұрсұлтан Назарбаевтың Роберт Юксел Йылдырыммен кездесуі. Фото: Аkorda.kz

Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде Ақтөбе облысында түрік компаниясы жұмыс істеп жатқанын айтып, инвесторлардың екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған жоспарларын қолдайтынын білдірді.

«Ояк Холдинг» компаниясының бас атқарушы директоры Сүлеймен Эрдеммен кездесуде тараптар экономиканың түрлі саласында инвестициялық жобаларды іске асыру перспективаларын талқылады. «Ояк Холдинг» компаниясының бас атқарушы директоры компанияның жұмысы жөнінде кеңінен әңгімелеп, Қазақстанда бизнесін дамытуға мүдделілік танытты.

Сүлеймен Эрдем
Нұрсұлтан Назарбаевтың Сүлеймен Эрдеммен кездесуі. Фото: Аkorda.kz

Еске салайық, бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркиядағы жұмыс сапары барысында түріктің іскер топтары өкілдерімен кездескені хабарланған еді.