2019 жылдың мамырына қарай елімізде қантты печеньенің бір айда 1,1%-ға және бір жылда 5,7%-ға қымбаттағаны белгілі болды. Печеньенің бір келісі 582,4 теңге болды. Ең жоғары баға Ақтауда (келісі 755 теңге), Алматыда (718 теңге) және Нұр-Сұлтанда тіркеліп отыр. Бұл туралы Еnergyprom.kz зерттеуінде айтылады.
Мамандардың мәліметіне қарағанда пряниктің келісі бір айда 1,2%-ға, бір жылда 7,2%-ға қымбаттаған, 1 келісінің орташа бағасы 568,2 теңге болды. Ең қымбат пряник Нұр-Сұлтанда (келісі 827 теңге), Ақтауда (815 теңге) және Алматыда (739 теңге).
Жеміс-жидек карамелі бір айда 0,5%-ға, бір жылда 6,6%-ға қымбаттаған. Келісі 691,3 теңге тұрады. Бұл өнімнің қымбаттауы жөнінен Ақтау (904 теңге), Қызылорда (778 теңге) мен Нұр-Сұлтан (768 теңге) алда.
Қазақстан азаматтарының орташа есеппен кәмпитке 1 046,3 теңге жұмсайтыны белгілі болды, бұл былтырғыдан 6,5%-ға көп. Кәмпит бағасы жоғары өңірлердің үштігіне Ақтау (1 303 теңге), Атырау (1 135 теңге) және Көкшетау (1 130 теңге) кіреді.
Осы жылдың бірінші тоқсанында Қазақстан кондитерлері шоколадтан жасалған 21,5 мың тонна өнім өндірген. Бұл былтырғыдан 9,8%-ға аз. Ұзақ сақталатын тәтті ұн өнімдері өндірісі былтырғыдан 2,3%-ға — 25,4 мың тоннаға дейін азайған.
(Иллюстрация: Dribbble.com ©2H)