Моңғолия Қазақстаннан кондитер өнімдерін импорттауға мүдделі болып отыр

Қазақстан — Моңғолияға темекі өнімдері мен рапс тұқымын ең басты жеткізушілердің бірі. Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының баспасөз қызметінің мәліметінше, тек 2017 жылдың өзінде Моңғолияға 25 миллион АҚШ доллардан астам сомаға тауар жеткізілді.

Енді моңғолиялық компаниялар Қазақстаннан ауыл шаруашылығы өнімдерін, кондитерлік өнімдерді және құрылыс материалдарын импорттауға қызығушылық танытып отыр. Бұл туралы тараптар қазан айының басында Ұлан-Баторда  өткен еліміздің сауда-экономикалық миссиясы кезінде уағдаласты. Миссияны ҚР Инвестиция және даму министрлігі, Қазақстанның Моңғолиядағы елшілігі, «Атамекен» ҰКП, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы және Моңғолияның Ұлттық сауда-өнеркәсіп палатасы ұйымдастырды.

Қазақстандық делегация негізінен тамақ өнеркәсібі өкілдерінен, атап айтқанда,  кондитерлік бұйымдарды және май өнімдерін, сонымен қатар құрылыс индустриясын өндірушілерден тұрды.  Моңғолия тарапынан 40-тан астам компания қатысты.

Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасының орынбасары Нұралы Бөкейханов миссияға қатысушыларға сәлем жолдай отырып, екі елдің арасындағы экономикалық ынтымақтастық едәуір тығыз байланыстарға ұласқанын атап өтті.

Моңғолия дамушы экономикасы бар ел бола отырып, инфрақұрылым,  энергетика, сонымен қатар білім мен мәдениет салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытудың зор перспективаларына ие. Елдеріміздің арасындағы сауда-саттық байланыстары нығайып келеді. Кәсіпкерлік қоғамдастық түрлі саладағы бұрыннан келе жатқан және жаңа байланыстарды нығайтып жатыр, — деді Нұралы Бөкейханов.

Екі ел арасындағы тауар айналымы 2017 жылы 74,8 миллион АҚШ доллар болды, оның ішінде 72,5 миллион доллар — Қазақстанның Моңғолияға экспорты. Биылғы жылдың бес айында тауар айналымы 28,8 миллион долларға жетті, оның ішінде экспорт — 28 миллион доллар. Темекі мен рапс тұқымынан басқа Қазақстан Моңғолияға ұн өнімдерін, гигиеналық және жуу құралдарын жеткізеді.

Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы екі елдің кәсіпкерлік қоғамдастықтарының арасындағы ынтымақтастықты дамыту үшін келіссөздерге арналған алаң ұсына отырып, осындай іс-шараларды ұйымдастырады. Сонымен қатар біз моңғолдық бизнесмендерге Қазақстан аумағындағы барлық салалар бойынша сенімді әрі адал ниетті серіктестер табуға көмек көрсете аламыз, — деді Нұралы Бөкейханов кездесу иелеріне қарата айтқан сөзінде.

Миссия барысында екі елдің бизнес қоғамдастықтары инвестиция,  логистика және сауда салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың перспективалық мәселелерін талқылады.

Шара кезінде «Баян Сұлу» және Eurasian Foods Corporation компаниялары кондитерлік және май өнімдерін жеткізу туралы дистрибьюторлық келісім жасады.