Басты бетЖаңалықтарҚазақстанның көп...

Қазақстанның көп бөлігінде қар мен бұршақ аралас жаңбыр жауады

Қызылорда облысында жел күшейеді, екпіні 23-28 м/с-ке жетуі мүмкін, кей жерлерде шаңды дауыл тұрады, найзағай ойнайды. Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында көктайғақ болады, жаяу бұрқасын соғады, дауыл тұрады, қар аралас жаңбыр мен бұршақ жаууы мүмкін, солтүстік-батыстан екпіні 25 м/с-ке жететін жел соғады, Ақмола облысында найзағай ойнайды. Қарағанды облысында тұман түседі, 25 м/с жел соғады, күндіз дауыл тұрады, бұршақ жаууы мүмкін. Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында жел екпіні 25 м/с-ке жетеді, күндіз бұршақ жаууы мүмкін. Нұр-Сұлтанда қар аралас жаңбыр мен бұршақ жауып, найзағай ойнайды, көктайғақ болады, ауа температурасы 2 градус аязға дейін төмендейді.

Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарында бұршақ жаууы мүмкін, 15-20 м/с жел соғады, Жамбыл облысында жел екпіні 23 м/с-ке дейін күшейеді. Шымкентте найзағай ойнап, бұршақ жауады, оңтүстік-батыстан және солтүстік-батыстан 15-20 м/с жел соғады. Атырау облысында да 15-20 м/с жел соғады. Ақтөбе облысында қар аралас жаңбыр жауып, тұман түседі, ауа температурасы 5 градус аязға дейін төмендейді.

Үлкен Алматы, Кіші Алматы шатқалдарында қар көшкіні болуы мүмкін. Еске салайық, синоптиктер бұған дейін 30 сәуір мен 2 мамыр аралығында еліміз бойынша күн жауын-шашынды болып, ауа температурасы төмендейтінін хабарлаған еді.