Форумда спикер зиянсыз көліктің артықшылығын түсіндіру үшін жол-көлік оқиғалары мен терроризм актісінің салдарын салыстырды.

Балаларға болсын, үлкендерге болсын, қаладағы ең басты қауіп — жол. Қазақстанда жыл сайын орташа есеппен шамамен 2,5 мыңнан көп адам жол-көлік оқиғасынан қайтыс болады екен. «Көшеде біреуді қағып кетті», «Жантүршігерлік жол апаты болды» дегенді күнделікті естіп жүрміз. Бірақ оған мән бермейміз. Ал елімізде терроризм актісі болса, бірден төтенше жағдай жарияланады. Адамдар да бейжай қалмайды. Бірақ елімізде жол апатынан қайтыс болып жатқандар көп пе, әлде террорлық акті салдарынан ба? Өкінішке қарай, жол апатынан. Менің ойымша, бұл туралы әлдеқашан дабыл қағатын кез келді, — деді Диас Маратұлы.

Диас Маратұлы
Диас Маратұлы. Фото жеке архивінен

Зиянсыз көлікті насихаттаушының айтуынша, бұл — Еуропа елдері әлдеқашан бастан өткерген проблема.

Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң оларда ақша көбейді. Бәрі көлік алғысы келді. Алды. Жолды кеңейтті. Бірақ олар көлік көп болған сайын адам өлімінің де көбейетінін түсінді. Проблеманы шешу үшін бізге ештеңені ойлап табудың керегі жоқ. Өйткені велосипед, электр самокат бар. Бұл көліктер байды да, кедейді де теңестіреді. Оны міндетті түрде сатып алудың керегі жоқ. Алматыда және басқа қалаларда велосипед пен электр самокатты минуттап жалға алуға да болады. Сонда да түрлі сылтау іздейміз, — деді белсенді.

Диас Маратұлы «велосипед пен электр самокат таулы жер мен Алматы климатына қолайсыз» дейтін скептиктерге қарсы уәжін айтты.

Еуропаның басқа қалаларымен салыстыру үшін мысал келтірейін. Қаңтарда Алматыда орташа ауа температурасы 4,7 градус аязға дейін төмендейді. Ал Финляндияның Оулу қаласында бұл кезде ауа температурасы 11 градус аяз болады. Соған қарамастан қала тұрғындарының 22%-ы қыста велосипедпен жүреді. Амстердамда да, Копенгагенде де қар жауады. Бұл қалаларда да велосипедпен жүретіндер көп. Сондықтан климат та, қаланың орналасуы да велосипед айдамауға себеп емес. Бізде де велосипедпен жыл бойы қатынауға болады, — деді форум спикері.

қар, велосипед, қыс
Оулу тұрғындары. Фото: Gre4ark.livejournal.com

Қала белсендісінің айтуынша, велосипед пен электр самокат көлік сияқты көп орынды алмайды. Көп адам таңғы 09.00-де жұмысқа келіп, кешкі 18.00-де үйге кетеді. Автокөлігі 9 сағат бойы паркингте немесе көшеде жер алып тұр. Бірақ бұған ешкім бас қатырып отырған жоқ. Көлік көп жер жаяу жүргіншілерге ыңғайсыз.

Қаланың қақ ортасынан орынды көлікке бергенше неге үй салмасқа немесе басқа мақсатта неге пайдаланбаймыз? Қазір Алматыда біртіндеп ақылы көлік қоятын орындар қолданысқа еніп жатыр. Бірақ көпшілік бұған наразы. Менің ойымша, бұл — керек нәрсе. Біз бұған қарсы болмай, керісінше, қуануымыз керек. Өйткені ақылы тұрақтардың көбеюі қалада көліктің азаюына ықпал етеді, — дейді Диас Маратұлы.

Urban Forum Kazakhstan —  қазіргі заманғы қолайлы орта, баршаға ортақ жайлы қала және экология туралы сарапшылардың ой-пікірі айтылатын алаң. Шара биыл тұңғыш рет қазақ тілінде өтті. Форум аясында қаладағы ортаның жастар үшін қаншалықты қолайлы екенін айғақтайтын жаңа зерттеулердің нәтижесі ұсынылып, тәуелсіз қалалық бастамалар мен Алматыны дамыту мүмкіндіктері жайлы айтылды.