МыАлматы, БізАлматы, WeAlmatyМатериал Еуропалық одақтың қаржылай қолдауымен Британ кеңесі, Алматы әкімдігі, «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ және Қазақстан-Британ техникалық университеті іске асырып жатқан «БізАлматы» жобасының аясында әзірленді.

Форумды Британ кеңесі, Алматы әкімдігі, «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ, Urban Forum Kazakhstan, Қазақстандағы БҰҰ-ның Балалар қоры (ЮНИСЕФ) және Қазақстан-Британ техникалық университеті ұйымдастырды. «БізАлматы» жобасы Еуропалық Одақтың 430 мың евро көлемінде қаржылай қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.

Биыл Еуроодақтың «БізАлматы» жобасының 8-форумы «Алматы – балалар қаласы» тақырыбында өтті. Британ кеңесімен ұйымдастырылған форумға Алматы әкімдігінің өкілдері, «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ, БҰҰ-ның Балалар қоры (ЮНИСЕФ), OYLA School, қалалық кеңістікті зерттеушілер мен қоғам белсенділері қатысты. Сонымен қатар Ұлыбританиядан келген маман Сэм Уильямс тәжірибесін айтып,  Алматыны балаларға мейірімді қала ету жолдарын ұсынды. Оның қалалық кеңістіктерді жобалауда тәжірибесі мол.

Форум барысында Алматының балаларға қаншалықты қолайлы екені талқыланып, қатысушылар қаланың дамуына балалардың көзқарасымен қарауға тырысты. Мамандардың зерттеуі таныстырылып, жасөспірімдердің ойы тыңдалды.

Алматы балаларға қаншалықты қолайлы қала?

Әділ Нұрмақов, Urban Forum құрылтайшыларының бірі 

"БізАлматы" форумы
Әділ Нұрмақов. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

«Қала мен бала» – қаланың балаларға қаншалықты қолайлы екені зерттелген алғашқы кешенді жұмыс. Мыңнан астам ата-ана мен бала қатысқан зерттеу барысында ойын алаңдары мен олардың қандай жастағы балаларға арналғаны, қаладағы қауіпсіздік, демалыс орындарының жайлылығы сараланды. Нәтижесінде назар аударуды қажет ететін мәселелер анықталды.

Жасөспірімдердің 58%-ы ауладағы ойын алаңдары бес жасқа дейінгі балаларға арналған деп ойлайды. Сондықтан олар ойын-сауық орталықтары мен компьютерлік клубтарда уақытын өткізіп жүреді. Жасөспірімдерге аулада түрлі ойын ойнап, спортпен шұғылдана алатындай жағдай жасалуы тиіс. Саябақтар мен демалыс орындары бәріне бірдей жақын бола бермейді. Жасөспірімдер мен ата-аналар басқа да мәселелерді атады.

"БізАлматы" форумы
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Ата аналар балалары үшін басты қауіп автокөліктер мен жол қозғалысы деп есептейді. Сондықтан баланы далаға жалғыз жіберуге қорқады. Көп ауданда үйірмелер алыста орналасқан. Үйде бос қалдырмай, жіберейін десе, көлікпен бару да, жаяу жүру де қауіпсіз. Осындай мәселелерді шешуге тек қоғамды ғана емес, жергілікті атқарушы органдарды да, балалардың өздерін де қосу керек.

Тағы бір ескеретін нәрсе – балаларға арналған кеңістіктерді өзара байланыстыру керек. Бала жаяу жүргенде өзін қауіпсіз сезінетін бағыттар ұйымдастырылуы тиіс. Мектеп, кітапхана мен саябақтардың арасы неғұрлым қауіпсіздендіріліп, жолдың архитектурасы мен инфрақұрылымына аса мән берген жөн. Бұл саяси шешімдерге де тікелей қатысты. Ұсыныстарымның ертелі-кеш орындалатынына сенемін.

Проблемаларды қалай шешіп жүрміз?

Алтынай Иманбекова, архитектор, «Балалар үшін көшелер қауіпсіздігін арттыру» жобасының кураторы

"БізАлматы" форумы
Алтынай Иманбекова. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Біз жоба аясында Түрксіб ауданында зерттеу жүргіздік. «Алматы-1» вокзалы маңындағы инфрақұрылым, қауіпсіздік, қоғамдық кеңістік пен  тұрғындардың қарым-қатынасына талдау жасадық. Зерттеуге №71 мектеп оқушылары қатысты. Олар жүретін жолдары мен баратын жерлерін картаға белгілеп, сипаттады. Кейін біз сол жаққа шығып, барладық, фотозерттеу жүргіздік.

Қаланың жеке секторында зерттеу жүргізу жоспарланғанда дәл осы ауданды таңдадық. Себебі көбіне осындай шеткі аудандарда қалалық сипат пен көше деген классикалық түсінік жоқ. Қалада, бірақ шет жақта тұратын адамдардың өмірі мен олардың қарым-қатынасы орталықта тұратындардан ерекшеленеді.

Зерттеу нәтижесінде бірнеше проблеманы байқадық. Түрксіб — өте ескі аудандардың бірі. Орталықта тұратындар үшін бұл жерде вокзалдан басқа ештеңе жоқ сияқты болып көрінуі мүмкін. Шын мәнінде, зерттеу барысында бұл аймақтың балалары Түрксібті толыққанды аудан деп есептейді. Түрксібтің толыққанды аудан болатын барлық мүмкіндігі бар. Жалғыз кемшілігі — жасөспірімдерге функционалдық алуандық жоқ.

№71 лицей оқушыларының көпшілігі мектепке жақын жерде тұрады. Олар сабаққа жолдың бойымен жүріп келеді. Жүргіншілер жолы салынбаған. Автобуспен қатынайтын оқушылар да бар. Оларға аялдамадан мектепке жету үшін Баум бағынан өту керек. Ол жер жарықтандырылмаған. 200 метрдей қашықтықты бес минутта жүріп өтуге болады. Жол ұзақ емес, бірақ қорқынышты әрі қауіпсіз.

Бұл проблемаларды шешу үшін кешенді шаралар қолға алынуы керек. Қысқамерзімді жоспар шеңберінде мектептерге автобустар жалдап, оқушылардың тасымалы ұйымдастырылса, ал ұзақмерзімді жоспарда инфрақұрылым жақсартылып, жол қауіпсіздігі күшейтілуі тиіс.

Қазір біз зерттеуді бітірейін деп қалдық. Наурыз бойы балалармен бірлесе отырып, мектеп айналасының қауіпсіздігін арттыру, қоғамның назарын аудару, инфрақұрылымды өзгертіп, функционалдығын арттыру жолдарын іздейміз. Сәуірде зерттеу бойынша презентация және тұрғындармен талқылау өтеді. Айдың соңына қарай әкімшілікке есеп дайындап, жобалар ұсынамыз.

Балаларға мейірімді қала қандай болуы керек?

Ғалия Файзуллина, тарих ғылымдарының кандидаты, «Тұран» университетінің туризм және қызмет көрсету кафедрасының доценті, «Балапан еліне саяхат» жобасының жетекшісі

"БізАлматы" форумы
Ғалия Файзуллина. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Форумда Алматыны балаларға қамқор қылу мақсаты бойынша көптеген жақсы идеялар айтылып, зерттеулер талданды. Меніңше, балаларға қаланың қамқорлығын ұйымдастыруда этнографтарды енгізген жөн. Ескі көшелерді тарихи зердемен таңбалап, балалардың санасында ұлттық мәдениетті қалыптастыруымыз керек.

Сонымен қатар тұрғын үйлер ауласы мен демалыс орындарында жасөспрімдерге арналған тоғызқұмалақ сияқты үстел ойындары клубын ұйымдастырған абзал деп ойлаймын. Ол үшін арнайы алаңдар құрып, қажетті жабдықтар орнатса, жасөспірімдердің жаңа ермегі пайда болады.

Мемлекеттік мәдени мекемелер де балалармен жақындасып, жұмыс істеуге әзір. Бірақ мұндай мекемелермен байланыс екіжақты болуы керек. Мысалы, музейлердің есіктері әрдайым ашық. Бірақ олардың көбі 30-40 оқушысы бар сыныпты қабылдай алмайды. Мұғалімдер де оқушылардың бәрін шұбыртып бара алмайды. Ал біздің ата-аналар балаларды музейге апару — мектептің жұмысы деп ойлайды. Мәдени ұйымдар мен мекемелердің ашықтығы, қамқорлығы екіжақты процесс. Сондықтан екі тарап та бір-біріне адымдап жақындау керек.

Музейлер балалардың бос уақытын өткізетін, оқушыларға шаралар ұйымдастыратын кеңістік бола алады. Мүмкін оны ұйымдастыратын бір мемлекеттік бағдарлама керек болар. Мысалы, Сәбит Мұқанов пен  Ғабит Мүсірепов музейлері бар. Осы қазақ классиктерінің есімі берілген  музейлерде қазақ тілін меңгеруге байланысты курстар немесе жарыстар ұйымдастырылып, мемлекет тарапынан осындай жобалар қолдау тапса, керемет емес пе?

"БізАлматы" форумы
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

«Алматы – балалар қаласы» тақырыбымен өткен «БізАлматы» форумы спикерлер мен қатысушылар арасындағы интерактивтілікпен ерекшеленді. Онлайн-сауалнамалар жүргізіліп, форумның барлық қатысушысы ойын білдірді. Шараның үшінші сессиясында олар топ-топқа бөлініп, балаларға мейірімді қаланың үлгісін жасады, идеяларын ұсынды.

"БізАлматы" форумы
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz